Қазақстанда экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін 31 кәсіпорынның жұмысы тоқтатылды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өтетін кезекті Үкімет отырысында кәсіпорындарда экологиялық талаптарды сақтау мәселелері қаралды. Тақырып бойынша экология және табиғи ресуртар министрі Ерлан Нысанбаев баяндама жасады.

Министрдің айтуынша, Қазақстандағы негізгі экологиялық проблемалар – атмосфералық ауаның, су ресурстарының ластануы және қалдықтардың пайда болуы. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 2022 жылмен салыстырғанда шығарындылар бойынша нормативтердің 3,3%-ға және төгінділер бойынша 8%-ға төмендеуіне қол жеткізілді. Шығарындылар лимитінің ең үлкен төмендеуі келесі кәсіпорындар бойынша байқалады:

  • North Caspian Operating Operaying Company – жылына 12,4 мың тоннаға немесе
     34%-ға;
  • ArcelorMittal Temirtau – жылына 40 мың тоннаға немесе 16%-ға;
  • «Астана энергиясы» АҚ – жылына 14,6 мың тоннаға немесе 22%-ға;
  • «Kazakhmys Smelting» ЖШС Балқаш мыс балқыту зауыты – жылына 14,1 мың тоннаға немесе 18%-ға.

«Экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау мақсатында инспекциялық қызмет 2023 жылы 652 тексеру жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша 1 679 бұзушылық анықталды, оларды жою туралы 628 ұйғарым берілді. Жалпы көлемі 322,9 млрд теңгеге 2 138 әкімшілік айыппұл салынды, оның ішінде 11,3 млрд теңге мөлшерінде 1 834 айыппұл өндірілді. Қалған 311,6 млрд теңге көлеміндегі 304 айыппұлды өндіру жұмыстары жүргізілуде», — деді экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Ластаушы заттарды экологиялық рұқсатсыз тастағаны үшін ең үлкен өндірілген айыппұлдар фактілерінің ішінде келесілерді атап өтуге болады:

  • «Karabatan Utility Solutions» ЖШС – 7,2 млрд теңге;
  • «Теңізшевройл» ЖШС – 2,8 млрд теңге.

Өңірлерде экологиялық заңнаманы бұзу бойынша жүргізілген талдау келесі облыстарда ең үлкен айыппұлдар болағанын көрсетті:

  • Шығыс Қазақстан облысы – 2,6 млрд теңге көлемінде;
  • Қызылорда облысы – 681,8 млн теңге көлемінде;
  • Абай облысы – 677,5 млн теңге көлемінде;
  • Ақтөбе облысы – 133,8 млн теңге көлемінде.

Жалпы айыппұлдардың басым бөлігі нормативтен тыс шығарындылар мен өз еркімен эмиссиялар үшін салынды. Сот тәртібімен 31 кәсіпорынның қызметі тоқтатылды. Олардың ішіндегі ең үлкені:

  • «Қазфосфат» ЖШС – қалдықтарының жаңа үйіндісін салу;
  • «Қазақмыс» ЖШС – байыту фабрикасының құрылысы;
  • «Ferrum Vtor» ЖШС;
  • «Shymkent Temir» ЖШС.

Экологиялық жағдайды сауықтыру үшін ірі кәсіпорындар жыл сайын табиғатты қорғау іс-шараларының жоспарларын әзірлейді, олардың шеңберінде мынадай шаралар көзделген:

  • «Қазмырыш» ЖШС барлық 4 күкірт қышқылы цехын 2025 жылға дейін қайта құруы керек, бұл күкірт диоксиді шығарындыларының көлемін 20%-ға немесе жылына 3,7 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік береді.
  • Жезқазған және Балқаш қалаларында «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС металлургиялық комбинаттарында күкірт қышқылы цехын іске қосу есебінен шығарындылар 2025 жылдың соңына дейін 50%-ға азаяды деп күтілуде.
  • ERG компаниялар тобы таяудағы 10 жылда қатты бөлшектер шығарындыларын 56%-ға, төгінділерді 30%-ға, су тұтыну көлемін 33%-ға төмендетуге тиіс, өндіріс қалдықтарынан алынған 2 млн тоннаға дейін қайталама материалдарды қайта өңдеуге және сатуға бағытталған 228 млрд теңге мөлшерінде инвестициялар жоспарлап отыр.

Сонымен қатар Экология және табиғи ресурстар министрлігі жұртшылықпен, экоактивистермен, жергілікті атқарушы органдармен және табиғат пайдаланушылармен бірлесіп, өңірлердің экологиялық проблемаларын және оларды шешу жолдарын қарады. Нәтижесінде өңірлердің экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша 18 жол картасы әзірленді, онда 2020-2023 жылдарға 336 іс-шара көзделген, олардың 205-ы немесе 61%-ға орындалды, оның ішінде:

  • 2020-2021 жылдары 178 іс-шараның 111-і немесе 62%-ы орындалды,
  • 2022 жылы 81 іс-шараның 44-і немесе 54%-ы орындалды,
  • 2023 жылы 77 іс-шараның 50-ы орындалды, бұл 65%-ды құрайды.

Әрі қарай экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өңірлер бойынша 2023 жылға арналған Жол карталарын орындау бойынша ақпарат берді. Оның айтуынша, артта қалған өңірлердің қатарында Маңғыстау, Павлодар, Ақмола және Ұлытау облыстары бар, онда іс-шаралардың орындалу үлесі 50%-дан төмен. Ең маңызды орындалмаған іс-шаралардың ішінде мыналарды атап өтуге болады:

Ақмола облысы: «Степногорск тау-химия комбинаты» ЖШС – қалдық қоймасының карталарын рекультивациялау, Көкшетау және Степногорск қалаларының кәріз тазарту құрылыстарын жаңғырту;

Павлодар облысы: «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ – шаң-газ тазарту қоңдырғыларына жөндеу жүргізу;

Маңғыстау облысы: Химия-гидрометаллургия зауытының аумағында радиоактивті ошақтарды жою, Ақтау қаласында ағынды суларды биологиялық тазартумен №2 кәріз-тазарту құрылыстарын қайта жаңартудың 2-ші кезегінің басталуы;

Ұлытау облысы: «Казахмысэнерджи» ЖШС – қазандық агрегатын салу және монтаждау;

Министрдің сөзінше, сондай-ақ 1-санаттағы ірі кәсіпорындардың өнеркәсіптік шығарындыларын бақылау мақсатында мониторингтің автоматтандырылған жүйесін орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаға әсерін онлайн режимде бақылауға және кәсіпорын тарапынан профилактикалық сипатта да, сондай-ақ мемлекеттік бақылау тарапынан шаралар қабылдау кезінде де жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

Автоматтандырылған мониторинг жүйелерінен кәсіпорындардың барлық дерегі «Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесінде жинақталатын болады. Жүйені 2024 жылдың соңына дейін орнатуға міндетті барлығы 91 кәсіпорын анықталды. Бүгінгі таңда 39 кәсіпорын автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнатты, оның 9-ы деректерді беруде.

«Осы жылдан бастап Экология және табиғи ресурстар министрлігі мемлекеттік экологиялық бақылауды жүргізу кезінде мониторингтің автоматтандырылған жүйелерін орнату және деректерін беру мәселесіне назар аударатын болады, заңнама талаптары орындалмаған жағдайда әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылатын болады», — деді Ерлан Нысанбаев.

Заңнамаға сәйкес еліміздегі кәсіпорындар 2025 жылдан бастап кешенді экологиялық рұқсаттарға көше бастайды. Кәдімгі экологиялық рұқсатпен салыстырғанда кешенді экологиялық рұқсат эмиссиялар нормативтерін айқындау үшін ғана берілмейді, сондай-ақ «ең үздік қолжетімді технологияларды» енгізуді көздейді. Бүгінгі таңда ең үздік қолжетімді технологияларға көшу реформасы аясында келесі жұмыстар жүргізілді:

  • өнеркәсіптің негізгі салалары бойынша 96 кәсіпорында кешенді технологиялық аудит аяқталды;
  • ең үздік қолжетімді технологиялар бойынша
     16 анықтамалық бекітілді. 

ТОП-50 ірі кәсіпорынның ең үздік қолжетімді технологиялы кешенді экологиялық рұқсатқа көшуі жыл сайынғы шығарындыларды жылына 900 мың тоннадан астам көлемге қысқартады. Ең үздік қолжетімді технологияларға ауысқан компаниялар он жылға эмиссиялар үшін төлемдерден босатылады. Ең үздік қолжетімді технологиялар енгізілмеген жағдайда шығарындылар үшін төлемақы мөлшерлемелері 2025 жылдан бастап әр үш жыл сайын біртіндеп көтерілетін болады.

Қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемақы мөлшерлемелерін ұлғайту кешенді экологиялық рұқсатқа көшуге және ең үздік қолжетімді технологияларды енгізуге ынталандырушы тетіктердің бірі болады. Айта кету керек, ең үздік қолжетімді технологияларды жаңғыртуға және енгізуге жұмсалған қаражат қоршаған ортаны және халықтың денсаулығын сауықтыруға әсер етеді.

«Жүргізілген талдау бойынша кәсіпорындар тарапынан экологиялық заңнаманы бұзушылықтардың болуын, сондай-ақ өз өндірістерінде экологиялық бөлікті жақсарту бойынша қабылданған міндеттемелерді орындаудың әлсіз қарқынын көрсетеді. Осылайша, экологиялық талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылау күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі саналады», — деді Ерлан Нысанбаев.

#Экология министрлігі #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу