Қазақстанның теңіз порттары арқылы қазіргіден 3 есе көп жүк тасымалдауға болады – Әлихан Смайылов

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында су көлігін дамыту мәселелері қаралды.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, Ақтау мен Құрық теңіз порттарының жалпы өткізу қабілеті бүгінде 21 млн тоннаны құрайды. Олар мұнай құю, астық және басқа да жүктерді ауыстырып-тиеуді қамтамасыз етеді. Сауда флоты танкерлерді, құрғақ жүктерді және контейнерлік кемелерді қамтитын 20 кемеден тұрады.

11 айда теңіз порттары арқылы жүк тасымалдау көлемі 6,5 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 10%-ға артық. Қазіргі уақытта еуропалық елдер бағытында қазақстандық жүктерді экспорттық тасымалдау – басым.

Транскаспий халықаралық көлік бағытына келетін болсақ, өткен жылмен салыстырғанда мұнда тасымалдау көлемі 2 есеге өсіп, 2,5 млн тоннаны құрады. Оның ішінде ТХКБ бойынша қазақстандық өнімнің экспорты 3 есеге артты. Сонымен қатар импорттық жүк ағынының өсуі байқалады – бұл еуропалық компаниялардың осы бағытқа қызығушылығын көрсетеді.

Қазіргі уақытта Қазақстан көршілес мемлекеттердің уәкілетті органдарымен және компанияларымен ТХКБ бағдарына экспортты тарту бойынша келіссөздер жүргізуде. Жалпы Мемлекет басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалдау көлемін 5 есеге арттыру міндетін қойды. Ол үшін Әзербайжан, Грузия және Түркиямен тиісті жол карталарына қол қойылды. Оларды іске асыру аясында әр ел көлік инфрақұрылымын синхронды дамыту жөнінде шаралар қабылдап жатыр.

Тасымалдардың серпінді өсуін ескере отырып, Көлік министрлігі теңіз порттарының акваториясын тереңдетуге, терминалдық қуаттарды және порттарға қолайлы теміржол инфрақұрылымын дамытуға, көлік дәліздерін цифрландыруға, сауда флотын дамытуға және навигациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басымдық береді.

Премьер-Министр әлемде су көлігі ең үлкен сұранысқа ие болып отырғанын айтты. Жаһандық жүк айналымының 60%-дан астамы және бүкіл сауданың 80%-ы осы су көлігіне тиесілі. 

«Қазақстанның әлемдік мұхитқа тікелей шығатын жолы жоқ, сондықтан біз барлық көлік түрін дамытып келеміз. Оның үстіне жаһандық геосаяси жағдайларға және дәстүрлі сауда жолдарының үзіліп қалуына байланысты балама маршруттарды іздеу қажеттілігі туындап отыр. Транскаспий халықаралық көлік маршруты – осының нақты мысалы», — деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысы порттарды жан-жақты дамыту үшін келесі жылдың соңына дейін Құрықта, ал 2025 жылы Ақтауда теңіз түбін тереңдету жұмыстары аяқталатынын айтты. Бұл ірі тоннажды кеме қатынастарына мүмкіндік береді.

«Теңіз порттарымыздың әлеуеті өте жоғары. Олар арқылы қазіргіден 3 есе көп жүкті ауыстырып-тиеуге болады. Сондықтан елдегі инфрақұрылымның мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалану үшін талапқа сай келмейтін жерлердің бәрін ретке келтіру қажет», — деді Премьер-Министр. 

Алдағы жылы Қазақстанның тапсырысымен алғашқы паромдардың құрылысы басталады. 2027 жылы олардың санын төртке жеткізу жоспарланып отыр. Оған қоса Әлихан Смайылов Қазақстанда кеме жасайтын зауыт салу мәселесін тездетіп қарау керектігін айтты.

Үкімет басшысының сөзінше, бүгінде теміржол тораптары мен порттарға дейінгі кірме жолдарды кеңейту мәселесі өзекті болып отыр, сондай-ақ жүктерді рәсімдеуге қатысты сұрақтар бар. 

«Сондай-ақ Ертіс өзені арқылы жүк тасымалын 2,5 есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндігіміз бар. Ол үшін қолданыстағы инфрақұрылымды жақсартып, кемелердің санын көбейту қажет. Жалпы су көлігін дамыту көлік жүйесінің, транзит пен сауда саласының өсуіне мультипликативті әсер береді», — деді Премьер-Министр.

Айтылғандарды ескере отырып, Әлихан Смайылов 2024 жылғы қаңтар айының соңына дейін Теңіз инфрақұрылымын дамытудың кешенді шараларын әзірлеуді тапсырды, олар сауда флотын, порт қуаттарын және жүктерді ауыстырып-тиеу көлемін ұлғайтуды қамтуы тиіс.

«Көлік министрлігі Ертіс өзенінің сауда әлеуетін дамыту бойынша нақты іс-шараларды әзірлеуі керек. Өзен көлігін пайдалану және транзитті ұлғайтудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыру қажет», — деді Үкімет басшысы. 

«ҚТЖ» компаниясы Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрліктерімен, Шекара қызметімен бірлесіп, жүктерді рәсімдеу кезіндегі әкімшілік кедергілерді азайту үшін ақпараттық жүйелердің интеграциясын қамтамасыз етуі тиіс.

#Әлихан Смайылов #ҚР Премьер-Министрі #Көлік #ТХКБ #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу