Су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуы Үкіметтің бақылауында

ҚР Үкіметінің кезекті отырысында су тасқыны кезеңіне дайындық барысы қаралды. Аталған мәселеге қатысты төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, көлік министрі Марат Қарабаев баяндама жасады. 

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Министрліктің мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, алдағы су тасқыны кезеңіне дайындықты бастағанын жеткізді. Оның айтуынша, 2023 жылғы 26 желтоқсанда 2021-2023 жылдарға арналған Су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасын орындау қорытындылары туралы ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның жоспардан тыс отырысы өткізілген. Министр бүгінгі таңда жоспарланған іс-шаралардың жартысынан астамы немесе 57,7%-ы іске асырылып, қалған 92 іс-шара орындалып жатқанын айтты. 

«Бірқатар өңірлерде құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Су ресурстары министрлігі Ақмола облысында Есіл су реттегішін салу бойынша жобалау сметалық құжаттамаларын әзірлеп жатыр. Сондай-ақ өзіңіздің тапсырмаңыз бойынша аяқталмаған жобалардың көпшілігі әкімдіктермен 2025 жылға дейінгі Өңірлерді дамытудың және Әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарларына көшірілді. Сонымен қатар олардың 27-сін іске асыруда алаңдаушылық бар. Бұл әсіресе Павлодар, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарына қатысты», — деп мәлімдеді министр.

Оның айтуынша, аталған облыстардың Жол картасы іс-шараларын орындамауына байланысты Президент әкімшілігі жыл соңына дейін іске асырудың соңғы мерзімін белгілеген. Осыған орай, әкімдіктер қаржы көзін тауып, орындалмаған Жол картасының барлық іс-шараларын қарашаға дейін аяқтауы қажет.

Өткен жылғы талдау нәтижесіне сәйкес, негізінен ойпатты жерлерде салынған, сондай-ақ су қорғау белдеулерінде және өзен арналарына жақын орналасқан үйлер су астында қалған.

«Мәселен, бұл Қостанай облысы Қарамырза аулындағы Тімтуір өзенінің жағасында орналасқан тұрғын үйлердің су басуы бірінші жыл емес. Өткен жылы Батыс Қазақстан облысында Шыңғырлау өзенінің су деңгейі күрт көтерілуіне байланысты, жанында орналасқан Кентүбек және Бақтыарал ауылдарында үйлердің су басуы орын алды», — деді Сырым Шәріпханов.

Сонымен қатар Түркістан облысы Арыс қаласындағы су басқан тұрғын үйлер су қорғау белдеулерінің аумағында орналасқан және Ақтөбе облысының Қобда ауылындағы үйлер ойпатты бөлігінде салынған.

«Қазіргі уақытта ғимараттарды су қорғау белдеулеріне орналастыру – барлық жерде мәселе. Нәтижесінде, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға мемлекет өтемақы төлемдерін жүргізеді. Осыған байланысты, әкімдіктер бірінші кезекте, аталған елді мекендерді қорғауды қамтамасыз етуін немесе оларды көшіру мүмкіндігін қарастыруын және бұл аймақтарда болашақта құрылысқа тыйым салынуы қажет деп санаймын. Бұдан басқа, елді мекендерді су басу себептерінің бірі – гидротехникалық құрылыстардың бұзылу ықтималдығы», — деді министр.

Қолда бар 1,5 мыңнан астам гидротехникалық құрылыстардың 300-ге жуығына қауіп төнуі ықтимал, олардың көпшілігі халықты жергілікті құлақтандыру жүйелерімен жабдықталмаған.

Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан санатталған 76 гидротехникалық құрылым ғана тексерілуге жатады. Осыған байланысты Су ресурстары және ирригация министрлігі мен әкімдіктер гидротехникалық құрылыстарды жергілікті құлақтандыру жүйелерімен жабдықтауы қажет.

Су тасқынына дайын болмау салдарынан арналардың толып кетуі және олардың бұзылуы себепті жолдарды су басу проблемасы туындайды, атап айтқанда көлік қозғалысының үзілуіне және жекелеген елді мекендердің оқшаулануына әкеледі.

«2023 жылдың желтоқсанында және биылғы 1 қаңтарда Қостанай және Батыс Қазақстан облыстары автожолдарының шайылуы мен көшелердің су басуының 2 фактісі орын алды. Осыған байланысты, Көлік министрлігі әкімдіктермен бірлесе отырып, автомобиль жолдарын жобалау және жөндеу барысында жаңа жолдарды құруды немесе қолданыстағы су өткізу құрылыстарының өткізу қабілетін арттыруы қажет», — деп атап өтті Сырым Шәріпханов. 

Қазгидрометтің алдын ала жасаған болжамына сәйкес, еліміздің көптеген өңірлерінде қаңтар және ақпан айларында ауа температурасы климаттық нормадан 1-2°С жоғары болады деп болжанып, жауын шашын мөлшері де нормадан жоғары болуы күтіліп отыр. Бұл ретте, 5 өңірдегі аумақтарда қардың түсуі 70%-ға дейін, 12 өңірде 90%-дан астам болуы мүмкін.

Сондықтан, оңтүстік өңірлер өткен жылғы ақпан айындағы су тасқынын ескеріп, ал солтүстік өңірлер желтоқсан айында температураның күрт төмендеуіне және қар болмауына байланысты топырақтың терең қату ықтималдығы бар екенін ескере отырып, қазірдің өзінде жоғары дайындық режиміне өтуі керек.

Су тасқыны жағдайының қиындауына жедел ден қою мақсатында 39 мыңнан астам адам, шамамен 11 мың бірлік техника, 500-ден астам жүзу құралдары және 3 мыңнан астам мотопомпалары бар азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдарының арнайы топтары құрылды.

«Күштер мен құралдарды жедел тасымалдау, сондай-ақ зардап шеккен халықты шұғыл эвакуациялау жағдайында «Қазавиақұтқару» акционерлакционерлік қоғамының әуе кемелері тұрақты дайындықта болады. Құтқару операцияларына қатысуға Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері де дайын. Азаматтық қорғау жүйесінің басқару органдары күштері мен құралдарының іс-қимылдарын тәжірибелік пысықтау Ақтөбе қаласында басқарма штабымен «Көктем-2024» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шеңберінде жүзеге асырылады», — деді спикер.

Оның айтуынша, еріктілер мен халықты тарта отырып, практикалық нақты іс-қимылдар жүргізіп, оқу-жаттығуларды шартты түрде көрсетпей, жаңа формат бойынша өткізу жоспарланып отыр. Халықтың әлеуметтік осал топтарының аула аумақтарын қардан тазартуға баса назар аударылады.

Сондай-ақ азаматтардың «Қауіпсіздік мәдениетін» арттыруға ерекше назар аударылады. Биылғы 5 ақпан мен 5 наурызға дейін «Қазгидрометтен» алдын ала және нақты болжамдар ұсынылады, оларды ескере отырып, уақтылы тасымалдау үшін күштер мен құралдар топтамасы түзіліп және қажет болған жағдайда резервтік топтар енгізілетін болады.

Алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық және оның тұрақты өтуі мақсатында өңірлердің әкімдіктеріне төмендегілер тапсырылады:

  • елді мекендерден қауіпсіз орындарға, оның ішінде ауылдық жерлерден қарды уақтылы шығаруды қамтамасыз ету;

  • қардың еруін тездету үшін қарды қарайту және егістіктерді жырту;

  • жарылыс жұмыстарын жүргізу орындарын алдын ала нақтылау және жарылыс жұмыстары қызмет көрсетушілерді уақтылы анықтау;

  • елді мекендер маңына үйінділер жасау, арық желілерін, нөсерлі кәріз жүйелерін және автомобиль, темір жолдардың астындағы су өткізу құрылыстарын қоқыстан, қардан және мұздан тазарту;

  • Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, гидротехникалық құрылыстарда және олардың ықтимал бұзылу аймағына түсетін елді мекендерде жергілікті құлақтандыру жүйелерін құру және оларды дайын күйде ұстау;

  • Әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарларында және Өңірлердің даму жоспарларында көзделген су тасқынына қарсы іс-шараларды іске асыруды қамтамасыз ету қажет.

Өз кезегінде су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов 2023 жылғы қараша айында су тасқыны кезеңіне дайындалу мақсатында барлық гидротехникалық тірек құрылысына бассейндік инспекция, Төтенше жағдайлар департаменті мамандарымен және жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен, сондай-ақ меншік иелерімен бірлесіп зерделеу жұмыстарын жүргізілгенін айтты.

Жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша 1502 гидротехникалық тірек құрылысының 537-сі жөндеуді қажет ететіні анықталып, онда негізгі үлес жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық меншігіне тиесілі екендігі белгілі болды.

Спикердің айтуынша, тексеру нәтижелеріне сәйкес, актілер жасалып, иелеріне тасқын сулардың қауіпсіз өтуіне дайындық жұмыстарын жүргізу бойынша ұсынымдар берілген.

«Қазіргі уақытта гидротехникалық құрылысқа көп факторлы зерттеу жүргізу және республикалық меншіктегі 206 объектіге бөгеттердің қауіпсіздігі декларациясын алу қажеттігі туралы өзекті мәселе туындап отыр. Бүгінгі таңда 22 нысан бойынша көп факторлы зерттеу жүргізілді және республикалық меншіктегі 15 нысан бойынша, оның ішінде 2023 жылы – 11 нысан бойынша көп факторлы зерттеу арқылы қауіпсіздік декларациялары алынды», — деді Нұржан Нұржігітов.

Оның мәлімдеуінше, 2024 жылы 34 гидротехникалық құрылысы бойынша көп факторлы зерттеу өткізуге, 38 нысан бойынша қауіпсіздік декларациясын әзірлеуге – 1,5 млрд теңге қаражат жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, бүгінгі таңда Министрлік жобалық көлемі 100 млн кубокилометр суды құрайтын 54 ірі су қоймасы бойынша күнделікті мониторинг жүргізіп отыр. Бүгінде аталған су қоймаларының көлемі 113,3 млн кубокилометрді құрайды. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 62,9% немесе 71,3 млн кубокилометрі толтырылды, жобалық қуаттың бос қалдығы 42,5 млн кубокилометр немесе 37% қосымша суды қабылдауға мүмкіндік береді. Қалған су қоймалары бойынша күнделікті мониторинг жүргізіледі, олардың орташа толымдылығы шамамен 30-50%.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың мәлімдеуінше, республикалық автожолдар бойынша су тасқыны қаупі бар 396 учаске, 68 көпір және 768 су өткізу құбырлары анықталды.

Автожолдарды реконструкциялау кездерінде су тасқыны қаупі бар учаскелерде келесідей жұмыстар атқарылып жатыр:

  • қосымша жасанды құрылыстар салынуда;

  • су өткізу құбырларын көбейтіп, олардың диаметрін ұлғайтылуда;

  • және жер төсемінің биіктігін арттыруда.

Сонымен қатар аймақтарда автожолдарды күтіп ұстау есебінен қажетті инертті материалдарды дайындау басталды. Аталған шаралар жол учаскелерінің бұзылуын болдырмауға және көлік құралдарының қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Жалпы, соңғы 3 жылда су тасқыны қаупі бар учаскелердің саны 1,2 есеге азайды. Темір жол саласында Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық органдарымен бірлесіп теміржолдан жоғары орналасқан 83 су қоймалары мен бөгеттердің жай-күйін тексеру жұмыстары басталды», — деп мәлімдеді Марат Қарабаев.

Келтірілген ақпаратқа сүйенсек, су тасқынына қарсы шамамен 2 мың 500 текше метр тау тастар мен 8 мыңнан астам кондициялық емес темірбетон шпалдары, 17 металл аралық құрылымдар, 44 релсті пакеттер мен 145 құбыр әзірленіп 45 арнайы пойыздар құрылып жатыр.
Автомобиль және темір жолдарды су тасқыны кезеңіне дайындау барысы бақылауда және барлық қажетті шаралар уақтылы қабылданып жатыр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу