Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №66

2017 жылғы 25–30 желтоқсан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары.

Осы жылдың соңғы аптасында Халықаралық қаржы орталығы аумағында орналасқан жаңа Конгресс-орталықта Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен дәстүрлі Жаңа жылдық қайырымдылық балы өтті.

Сондай-ақ, өткен аптада Қазақстанға ресми сапармен Қырғызстан Президенті С. Жээнбеков келді. 25 желтоқсанда Н. Назарбаев С. Жээнбековпен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.

Сейсенбі күні, 26 желтоқсанда Б. Сағынтаев С. Жээнбековпен кездесті. Екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Сол күні Үкімет үйінде Премьер-Министрдің төрағалық етуімен ҚР Үкіметінің осы жылдағы соңғы отырысы өтті. Күн тәртібінде жылу беру маусымының өту барысы; «Экспо-2017» көрсетілген технологияларды енгізу мәселелері; «Ақылды қалалар» жобаларын іске асыру мәселелері; астық нарығын тұрақтандыру; валютаны реттеу және валютаны бақылау туралы заңнаманы жетілдіру; ҚР Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2017 жылға арналған жоспарының орындалу қорытындысы және ҚР Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2018 жылға арналған жоспарының жобасы қаралды.

Сәрсенбі күні, 27 желтоқсанда Бақытжан Сағынтаев ҚР Үкіметі жанындағы Бәсекеге қабілеттілік жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Отырыс барысында Қазақстанның Дүниежүзілік экономикалық форумның 2017 жылға арналған Бәсекеге қабілеттілік жөніндегі жаһандық индексіндегі көрсеткіштерін жақсарту бойынша шаралар жоспарын іске асыру қорытындысы, 2018–2019 жылдарға арналған Жоспарды өзекті ету, сондай-ақ, елдің бәсекеге қабілеттілігіне кешенді мониторинг пен талдау жүргізу әдістемесіне қатысты мәселелер талқыланды.

Бұдан өзге, өткен аптада Премьер-Министрдің төрағалығымен Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті.

Бейсенбі күні, 28 желтоқсанда Бақытжан Сағынтаев денсаулық сақтау және қаржы жүйесі саласындағы заң жобаларын таныстыру бойынша кеңес өткізді.