Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысы көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырады – ҚР ДСМ

09 тамыз 2017, 11:12
Фото: primeminister.kz

Бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ағымдағы қызметі мен оның жұмысын одан әрі жетілдіру бойынша алдағы жоспарлар туралы айтып берді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қор жұмыс істеп тұр, филиалдар құрылған, басшылар тағайындалды, жұмыс берушілерден аударымдар мен жеке кәсіпкерлерден жарналар төленуде.

«Жалпы нормативтік база жетілдірілуде, қабылданған заңды іске асыруға 31 нормативтік-құқықтық акт қабылдау қажет. Сәйкесінше, бұдан әрі тариф белгілеу және денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Қор оператор ғана емес, стратегиялық сатып алушы болып табылатынын түсіну қажет, яғни ол медициналық ұйымдар арасында бәсекелі ортаны қалыптастырады, сол себепті қызмет көрсету сапасын жетілдіру бойынша алдағы үдеріс өте маңызды», – деді Ләззат Ақтаева.

Сондай-ақ, ол Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры «СК-Фармация» ЖШС-нің құрылтайшысы болатыны туралы шешім қабылданғанын, ал «ҚазМедТех» АҚ қатысты оны жекешелендіру бойынша мәселе қаралып жатқанын мәлімдеді.

Анықтама:

«СК-Фармация» ЖШС сатып алу және мемлекеттік сатып алуларды шоғырландыру арқылы тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша бірыңғай дистрибьютор болып табылады. 2011 жылдан бастап «СК-Фармация» сондай-ақ республикалық бюджет қаражаты есебінен сатып алынатын медтехниканы сатып алуды ұйымдастырушы.

«ҚазМедТех» АҚ – медициналық техника лизингімен, сондай-ақ денсаулық сақтаудың мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарын заманауи медтехникамен жабдықтаумен және лизинг мерзімінде кепілді севистік қызмет көрсетумен айналысатын мемлекеттік әлеуметтік бағыттағы компания.

1/2
2/2