«Нұрлы жол»: Барлық бағыттар бойынша қаражаттарды игеру көлемі ұлғайтылды және жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр

10 тамыз 2017, 10:35
Фото: primeminister.kz

ҚР ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов Үкіметтің баспасөз орталығындағы брифинг барысында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру туралы айтты.

Айбатыр Жұмағұлов қаражаттарды игеру көлемі 7 айдың ішінде 52,9 млрд теңгеге ұлғайып, 179,4 млрд теңгені құрағанын мәлімдеді. Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың барлық бағыттарында ұлғаю байқалады.

«Автожол жобаларында қаражатты игеру 35,6 млрд теңгеге ұлғайтылды (51,5 млрд теңгеден 87,1 млрд теңгеге дейін). Жалпы, жыл қорытындысы бойынша қаражаттар толықтай игеріледі деген сенімдеміз, және 602 шақырым автожолды пайдалануға беру жоспарда бар.

Жылумен-, сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін жаңғырту жұмыстарында қаражаттарды игеру 5 млрд теңгеге ұлғайтылды (29,3 млрд теңгеден 34,3 млрд теңгеге дейін). 2017–2018 жылдардың қорытындысы бойынша 1 248 шақырымға жуық желіні жөндеп, салу көзделген», - деді А. Жұмағұлов.   

Вице-министрдің айтуынша, білім беру саласында игеру көлемі 11,3 млрд теңгеге (30,4 млрд теңгеден 41,7 млрд теңгеге дейін) ұлғайтылды, 2017 жылдың қорытындысы бойынша 70 нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ, «БЖК 2020» аясында кәсіпкерлік нысандарының жетпей тұрған инфрақұрылымдарын жүргізу бойынша да қаражатты игеру көлемі 1,01 млрд теңгеге (0,29 млрд теңгеден 1,3 млрд теңгеге дейін) ұлғайтылды.

Спикер «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын тиімді іске асыру үшін ҚР ҰЭМ, ай сайынғы негізде, бөлінген қаражаттарды игеруге мониторинг жұмыстарын жүргізіп тұратынын атап өтті.

Сондай-ақ, Айбатыр Жұмағұлов қазіргі таңда қаражаттарды игеру қаржыландыру жоспарына сәйкес жүргізіліп жатқанын және жыл қорытындысы бойынша жоспарды толықтай орындау көзделгенін айтты.

1/2
2/2