Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Қазақстанның жүйе құраушы кәсіпорындары Индустрия 4.0 аясындағы өзгерістерге дайын – ҚР ИДМ

21 тамыз 2017, 16:30
Астана

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстан өнеркәсібінің Индустрия 4.0 талаптары мен стандарттарына сәйкес келуі тұрғысындағы техникалық аудит нәтижелерімен бөлісті.

Оның айтуынша, Қазақстанның ірі компанияларының Индустрия 4.0 элементтерін жедел енгізуге әлеуеті мен мүмкіндіктері мол.  

«Моноқалалардың негізі болып табылатын ірі жүйе құраушы кәсіпорындар жаңғыртылмаса, технологиялық жағынан өзгермесе, таяу 5-6 жылда бәсекеге қабілетсіз болып қалатынын түсінетінін көріп отырмыз», - деді  Ж. Қасымбек.

Министр кәсіпорындар цифрлық технологиялар енгізу мәселелерімен дербес айналысатынын атап өтті. Әсіресе, бұл жаңа іске асырылып жатқан жобаларда көрінеді.

Мысалға, «ҚазМырыш» компаниясы «Жәйрем полиметалдары» жобасын жүзеге асырады, оның аясында 2020 жылдың наурызына қарай Қарағанды облысында «заттардың өнеркәсіптік интернеті», Big Data және «дербес жабдық» сияқты Индустрия 4.0 элементтерін қолданумен жоғары автоматтандырылған кен байыту фабрикасы салынып, өнеркәсіптік пайдалануға беріледі.

Жоба аясында тау-кен жұмыстарын толық автоматтандырылған басқару жүйесін енгізу жоспарланған. Жоба бойынша инвестициялар шамамен 100 млрд теңгені құрайды.

Жақында іске қосылған кәсіпорындардан Ж. Қасымбек «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС мен «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС атап өтті, онда жоғары өнімділікті қамтамасыз ететін заманауи тау-кен байыту жабдықтары орнатылған.

«Бұл кәсіпорындар көбіне Индустрия 4.0-ге сәйкес келетінін сеніммен айта аламын. Олар барынша автоматтандырылған. Онда 1500 адамнан жұмыс жасаса да, он мыңдаған халқы бар кейбір моноқалалардағыдай өнім шығарады», – деп баса айтты министр.

Ж. Қасымбек аталған мәселенің проблемалы жағына да назар аударды. Қазақстанда бүгінгі таңда кеңес уақытында құрылған деңгейі Индустрия 2.0-ге сәйкес келетін бірқатар кәсіпорындар бар.

«Индустрия 4.0 аясында бірнеше кезеңді аттап өтуге мүмкіндік пайда болды. Мұны Қарағанды болат құю зауыты мысалында көруге болады. Бұл Индустрия 2.0-дің классикалық кәсіпорны, онда ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілді, барлық білдектер алып тасталды, жаңғырту жүргізілді. Бұл енді барынша роботтандырылған кәсіпорын. Оны желтоқсанда іске қосамыз», – деп хабарлады Ж. Қасымбек.

Сондай-ақ, министр біздің кәсіпорындар Индустрия 4.0 барлық сын-тегеуріндерін түсінетінін және аталған бағытта белсенді жұмыс жасап жатқандығын атап өтті. 

Бұдан өзге, Ж. Қасымбектің айтуынша, Индустрия 4.0 өнеркәсіп секторында еңбек сипаттамасына маңызды әсер етеді. Осылайша, таяу келешекте инженерлік-техникалық және басқа да білімдерден бөлек, озық ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен жұмыс жасау дағдысы бар мамандар қажет болады.

Өндірісті жаңғыртқан жағдайда онда аз адамның еңбекпен қамтылуы заңды. Сонымен бірге, жаңа технологиялық кәсіпорындар айналасында жаңа бизнес құрылымдар пайда болады, бұл өз кезегінде қызмет көрсету салаларында жұмыс орындарын құруға алып келеді.

«Осы бағытта біз үлкен жұмыс жүргіземіз», – деп толықтырды министр.

1/3
2/3
3/3