Мемлекет басшысы Алматы қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қорына барды

21 қыркүйек 2017, 19:20
Фото: Akorda.kz

Мемлекет басшысына қордың биылғы 8 айда атқарған жұмысы мен іске асырған жобалары, сондай-ақ оны одан әрі дамыту жоспары жөнінде есеп берілді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

«2017 жылдан бастап қордың жұмысын біршама өзгерттік. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына сәйкес, «Smart Zholy» және «Method PRO» жобалары әзірленіп, енгізілді. Бүкіл Қазақстан бойынша компьютер бағдарламаларын жасаумен айналыса бастаған дарынды жастар мен олардың өнімдерін тұтынатын еліміздің және шетелдің ірі компанияларымен өзара байланысын орнату – осы жобалардың басты ерекшілігі. Қор ІТ-технологиялар саласындағы кәсіби мамандарға алдағы уақытта да қолдау көрсетуді жоспарлап отыр», – деді Қордың атқарушы директоры Қ. Жұмабаев.

Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының жобалары мен перспективалары жөнінде мәлімделді. Атап айтқанда, оның директоры Е. Салтыбаев институт қызметінің басты бағытының бірі ретінде бүкіл Еуразия өңіріндегі бірегей сараптамалық-талдау орны – Астана клубын дамыту жоспары туралы баяндады.

Қазақстан Президенті Әлемдік экономика және саясат институтын жүйелі түрде нығайту қажет екенін атап өтті.

«Институт бүгінгі жағдаймен ғана шектеліп қалмауға тиіс. Халықаралық деңгейге шығып, әлемнің жетекші ғалымдарымен кездесулерді жан-жақты жариялап көрсету арқылы жұртшылыққа таныту керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры жұмысының тұжырымдамалық негізіне ерекше тоқталды.

«Біз қордың басты мақсатын айқын ұстануымыз керек. Ол – Қазақстанды халықаралық деңгейде ілгерілету, еліміздің имиджін жақсарту, дарынды жастарымызға қолдау көрсету және сарапшылар қоғамдастығымен өзара тиімді іс-қимыл орнату. Сондай-ақ, ядролық қарудың таралуына қарсы күрес жүргізу осы қор жұмысының маңызды бағыты болуға тиіс», – деді Қазақстан Президенті.