Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Kazakh Invest инвестжобаларға мониторинг жүргізудің жаңа жүйесін таныстырды

04 қазан 2017, 17:30
Фото: PrimeMinister.kz

Бүгін Астанада ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің қолдауымен «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясының инвестициялық жобаларына мониторинг жүргізудің ақпараттық жүйесінің таныстырылымы өтті.

CRM (Customer Relationship Management) ақпараттық-мониторинг жүйесін Kazakh Invest компаниясы инвестициялық жобаларды тиімді және ашық басқаруға, сондай-ақ басты индикаторларға автоматты мониторинг жүргізу негізінде басқару шешімдерін қабылдауға арналған платформа ретінде әзірледі.

«Оның басты мақсаты – инвесторлардың барлық бастамалары соңына дейін жеткізілуі тиіс. Бүгінде Kazakh Invest компаниясының 200-ден астам жобасы бар. 100-ге жуық жоба белсенді түрде іске асырылып жатыр. Бұл жүйе жобаның қайда, қандай кезеңде екенін, орындаушысы кім екенін, мемлекет қандай жолмен көмектесе алатынын анық көруге мүмкіндік береді. Жүйе бірде-бір бастаманы, ешқандай жобаны жолда аяқсыз қалдырып қоймайды. Барлығы соңына дейін жеткізілуі тиіс», — деді Ерлан Хаиров өзінің алғы сөзінде.

Жүйе «Kazakh Invest» ҰК қызметкерлеріне, қазақстандық және шетелдік инвесторларға, кәсіпкерлерге қолжетімді болады. Жүйе инвесторлар, инвестициялық жобалар, өндірістік алаңдар мен әлеуеттік инвесторлардың ақпараттық сауалдары туралы толық, сенімді әрі өзекті ақпараттан тұрады.

«Kazakh Invest» басқарма төрағасының орынбасары Біржан Қанешев CRM-жүйесінің негізгі міндеттері туралы айтып берді: «Жаңа жүйе инвестициялар тарту процесін тиімді басқару мен жұмыстарға тұрақты негізде мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін, деректермен көп жақты алмасуға жол ашады. Сонымен қатар белсенді жобалар, анықтамалық және маркетингтік материалдар қолжетімді болады, ақпаратпен алмасу әрі келісу үдерістері жылдамдатылады».

Оның айтуынша, ел экономикасын дамытуда цифрлық технологиялар маңызды рөл атқарады. Еліміздің цифрлық экожүйесінің ілгерінді дамуы тұрақты экономикалық өсім мен жалпы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.  

«CRM жүйесін іске қосу Kazakh Invest-тің еліміздің цифрлық экономикасын жүзеге асыруға қосқан үлесі болады. Аталған жүйе жұмыс процесін автоматтандыру құралы болады. Мемлекет басшысы айтып өткендей, біз Қазақстанда инвесторларға барлық жағдай жасалғанын көрсетуіміз керек. Осы тұрғыдан енгізілген жүйе әлемдік инвесторлар қауымдастығына Қазақстанда инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тиімділігі мен айқындығының күшейтілгенін дәлелдейді», — деді Б. Қанешев.

Сондай-ақ, ол алдағы кезеңге деген жоспарлар туралы айтты: «Келесі жылы Kazakh Invest компаниясының жоспарында — цифрландыру аясында CRM жүйесін Қазақстанның мемлекеттік органдарының осыған ұқсас жүйелерімен біріктіру жұмысы тұр».

Жүйені құрушылардың бірі — «Kazakh Invest» ҰК бас менеджері Ғалым Төлебаев шара қатысушыларына өзінің жобасы туралы толығырақ ақпарат беріп, CRM мүмкіндіктері мен жүйені жетілдіру әлеуетімен таныстырды.

«Бұл Қазақстандағы Инвестициялық жобалар бойынша жол картасы секілді болады. Бұл инвесторларға, өңірлік өкілдерге, орталық мемлекеттік органдар мен ЖАО қызметкерлеріне арналған жекелеген «кабинеттері» бар онлайн-платформа түрінде болады. Жүйе онлайн режимінде есептерді құрастырып, жұмыскерлердің еңбек шығындарын, ақшалай шығындарды азайтатын болады», — деді Ғ. Төлебаев.

Жүйені құрушылардың оны енгізуден күтетін басты әсері — елімізге салынатын инвестициялар көлемінің ұлғаюы екені сөзсіз.

Ғ. Төлебаевтың айтуынша, CRM жүйесін құрардан бұрын әлемнің жетекші ақпараттық жүйелері тестіленген.

«Дегенмен, бұл ерекше жұмыс үшін бізге өзіміздің — жеңіл бейімделетін, оңай бірігетін жүйе керек болды. Әзірге әлемде бұған ұқсас жүйе жоқ. Бұл тұтастай біздің өзіміз ойлап тапқан бірегей жүйе. Оның ерекшелігі — біз модульдерді оңай толықтырып, түрлі ақпараттық жүйелермен біріктіре аламыз. Оны әзірлеуге қазақстандық жеткізушілер мен компаниялар атсалысты. Бұл 100% жергілікті қамтуы бар бағдарлама», — деді  Ғ. Төлебаев.

Сонымен қатар шара аясында ниет білдіргендер жүйені тестілеп көріп, өздерін қызықтарған сұрақтарға жауаптарын алды. 

1/3
2/3
3/3