Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды

06 қазан 2017, 10:00
Фото: Akorda.kz

Мемлекет басшысының жұмыс сапары барысында «Байқоңыр» ғарыш айлағын дамыту жобаларымен танысты және «Қорқыт ата» мемориалды кешенін, сондай-ақ өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысандар мен өндірістік кәсіпорындарды аралап көрді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.  

Қызылорда облысына барған ҚР Президенті Қазақстан мен Ресей арасында қабылданған «Байқоңыр» кешеніндегі одан әрі ынтымақтастық тұжырымдамасының іске асырылу барысымен, сондай-ақ «Бәйтерек» бірлескен жобасына қатысты атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

«Ресеймен жасалған уағдаластықтар аясында кешенді дамытудың стратегиялық бағыттары айқындалды. Арнайы құрылған үкіметаралық комиссия мен үкіметтеріміз тиісті жұмысты үйлестіруде. Нақты шаралар қабылданып жатыр», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы орайда Президент өңірдің экологиялық қауіпсіздігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына Байқоңыр қаласын дамыту перспективалары мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған іс-шаралар жөнінде баяндалды.

«Қаланың болашағы зор. Қажетті инфрақұрылым дамып келеді. Қала газбен қамтамасыз етіліп, тұрғын-үй кешендері мен әлеуметтік нысандар салынатын болады. Сондай-ақ, жергілікті халықты жұмыспен қамту үшін бірлескен кәсіпорындар құру қажет», – деді Н. Назарбаев.

Жұмыс сапары барысында Президент «Қорқыт Ата» мемориалды кешенін аралады, жаңа әкімшілік ғимаратты және «Қасиетті арқар» атты мүсінді көрді.    

Содан кейін, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы арқылы салынып жатқан зауыттың құрылысымен, Қызылорда қаласының бас жоспарымен және оны толық жоспарлау жобасымен танысты. 

Сондай-ақ, Елбасы сол жағалаудағы құрылыстың эскиздері мен инвестициялық жер телімдерінің сызбасын көрді, және аквапарк, SPA орталығы, балаларға арналған ойын павильоны, коттедж қалашығы, аттракциондарды қамтитын ашық бассейндер, фитнес орталығы, сондай-ақ 500 адамға арналған балалар орталығы бар «Арай» спорттық-сауықтыру кешенін аралап көрді. 

Өңірді аралау барысында Нұрсұлтан Назарбаев облыс жастарымен және балалармен кездесіп, бейресми әңгіме өткізді.

1/3
2/3
3/3