Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев Қырғызстан Президенті А. Атамбаевтың айтқан сөздеріне қатысты арнайы мәлімдеме жасады

09 қазан 2017, 16:50

Мәлімдемеде Қырғызстан Президентінің сайлауалды мақсатта жасалған жауапсыз, арандатушылық мәнді және көпе-көрінеу жалған пайымы біздің елдеріміздің арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан өзара көмек пен достықтың дәнекеріне нұқсан келтірмеуі тиіс делінген.

Мәлімдемеде көрсетілген деректерге сәйкес, Тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономикасы 20 есе өскен. Тәуелсіздік жылдары тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі $265 млрд құрады.

«Елімізде тәуелсіздік жылдары 1,1 млн-нан астам қазақстандық отбасы баспанамен қамтамасыз етілді, 61 мыңнан астам отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсартты. Жыл сайын орташа есеппен 270 мың жаңа жұмыс орындары құрылады. Біздің елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 72,3 жылға дейін артты», — делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ, соңғы 15 жылда орташа еңбекақы мен зейнетақы 10 еседен астам көбейді. Халықаралық зейнетақы және әлеуметтік қорлар қауымдастығының ресми мәліметі бойынша зейнетақылардың ең төменгі және орташа мөлшері Қырғызстанға қарағанда сәйкесінше 5 және 3 есе жоғары. 

Экономиканың тұрақты дамуы, елдің ІЖӨ өсімі Қазақстанға әріптес елдерге барлық көмек түрлерін көрсетуге мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасы 1997 ж. 8 сәуірдегі Мәңгілік достық туралы шарт пен 2003 ж. 25 желтоқсандағы Одақтық қарым-қатынастар шарты аясында Қырғызстан Республикасымен бауырластық және тату көршілік қарым-қатынастарды нығайтудың жүйелі саясатын жүргізіп келеді.

«Осы жылдар бойы Қазақстан әсіресе, күрделі кезеңдерде, қырғыз халқымен бірге болды, Қырғызстан басшылығының өтініштеріне түсіністікпен қарады, өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде барынша ықпалын тигізді және энергия таратушыларды, азық-түлік және басқа да әлеуметтік маңызы бар тауарларды жеткізуді қоса алғанда, елеулі гуманитарлық көмегін көрсетті», — деп жазылған мәлімдеме мәтінінде.

Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруі аясында Қазақстан Республикасының Президенті $100 млн көлемінде техникалық көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Қырғызстанға гуманитарлық көмек желісі бойынша $20 млн-нан астам қаржы бөлінді, Бішкек пен Ош қалаларында жалпы білім беретін екі мектеп салынды. Қырғызстан экономикасына қазақстандық инвестициялар көлемі $820 млн құрады. Осының нәтижесінде мыңдаған қырғызстандықтар жұмыс орындарымен қамтылды.

Сөз соңында «Қырғызстан Президенті А. Атамбаевтың өз пайдасы мақсатындағы әредік қарсы шығу пиғылдарына қарамастан, Қазақстан Үкіметінің қазақ-қырғыз стартегиялық әріптестігі мен ынтымақтастығын одан әрі белсенді тереңдетіп, кеңейте түсуге ниетті екені» аталып өтті.

Мәлімдеменің толық мәтіні ҚР Премьер-Министрінің сайтында жарияланған.