Е. Біртанов: Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне заманауи ақпараттық технологияларды енгізу жұмыстары жалғастырылуда

10 қазан 2017, 12:15

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы аясында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарын іске асыру нәтижелері туралы айтты.

Е. Біртанов осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша жалпы өлім (2%-ға дейін төмендеді), бала өлімі (10,2% төмендеді), ана өлімі (4,9%-ға), қатерлі ісіктерден болған өлім (4,9%-ға), жазатайым оқиғалар мен жарақаттан (9,1%-ға), туберкулезден (17,1%-ға) болған өлім көрсеткішінде өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда оң қарқын сақталып отырғанын айтты.

Сонымен қатар министр Денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың негізгі бағыттары туралы мәлімдеді. Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі ашылды, 11 аймақта денсаулық сақтау басқармалары жанынан қоғамдық денсаулық сақтау бөлімдері құрылды.

МСАК деңгейінде алты жасқа дейінгі балаларға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсарту және жалпы практика дәрігерінің жүктемесін төмендету мақсатында педиатриялық учаскелерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы биыл республика бойынша 23 педиатриялық учаске ашылды, жыл соңына дейін тағы 84 осындай учаске ашу жоспарланып отыр. 2018 жылы оқуды бітіретін интерн педиатрларды есепке алғанда, тағы 230 педиатриялық учаске ашу, 2019 жылдан бастап 2024 жыл аралығында жыл сайын 500-ден астам педиатриялық учаске ашу көзделген. Осылайша, 2024 жылға қарай педиатриялық учаскелерге деген қажеттілікті 100% қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Бұдан өзге, созылмалы аурулармен ауыратын пациенттерді белсенді түрде қадағалап-қарауға негізделген ауруларды басқару бағдарламасын енгізу бойынша жоба жүзеге асырылуда. Биыл жоба барлық 16 өңірде іске асырылды, жобаға қатысатын науқастардың саны екі есеге ұлғайды.

Жедел медициналық көмек көрсетуді жетілдіру және ЖМК қызметінің жұмысындағы проблемаларды шешу мақсатында жедел және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсетуге сараланған тәсілді көздейді. Жеделдік санатына байланысты көмектер оңтайландырылған және симптомдары бойынша топтастырылған.

Қабылдау бөлімшелерінің деңгейінде қабылдау бөлімшесінің дәрігері («emergency doctor») деген жаңа дәрігер мамандығы енгізілетін болады, ол шұғыл медициналық көмекті дер уақытында көрсетіп, қажет болған жағдайда бастапқы реанимациялық және басқа да шараларды пациенттің жағдайы тұрақталғанға дейін жүргізетін болады.

Ұлттық дәрі-дәрмек саясатын іске асыру аясында бүгінде 53 ұзақмерзімді шарт жасалды, оның ішінде 24-іне биыл қол қойылды. Бірыңғай дистрибьютордың жалпы сатып алуында отандық өндірушілердің үлесі нақты мәнінде 75%-ды, ақшалай мәнінде 30%-ды құрады. Дәрі-дәрмектердің 175 атауына 23%-ға баға төмендетілді. Амбулаториялық деңгейде шамамен 2,5 млн науқас дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілді, 2018 жылы 3,8 млн науқасты қамтамасыз ету көзделген.

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу саласында 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс берушілердің аударымдары және жеке кәсіпкерлердің жарна төлеуі басталды. Жеке жеткізушілер үшін кедергілерді жою мақсатында 2018 жылға медициналық қызметтерді сатып алу бойынша шаралар жүргізілуде. Денсаулық сақтау субъектілерінің мәліметтер базасы қалыптастырылды – 1 519, оның ішінде жеке жеткізушілер саны – 686.

Сонымен қатар министрлік өңірлермен бірлесіп Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарын әзірлеуде, онда желіні трансформациялау қажеттілігі, инфрақұрылымды жаңарту және ресурстарды тиімді пайдалануды ескерумен медициналық кадрларды дайындау қарастырылады.

Қазіргі таңда жеті өңірдің инфрақұрылымын дамытудың ұзақмерзімді жоспарлары қарастырылды (Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау облыстары және Астана қаласы). Жалпы, инвестициялық жоспарлармен бірге Бірыңғай перспективалық жоспар бойынша жұмысты осы жылдың қараша айының бірінші онкүндігінде аяқтау жоспарланып отыр. 

Инфрақұрылымды дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарын қабылдау және іске асыру 2017-2025 жылдар аралығында 11,2 млрд теңге көлемінде қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді деп болжанған.  

Профессорлық-оқытушылық құрамының біліктілік деңгейін арттыру мақсатында Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің базасында Инновациялық технологиялар трансферті орталығы құрылды, оқытушылардың әлеуетін одан әрі арттыру жоспары әзірленді, даярлау және біліктілікті арттыру бағдарламалары қайта қаралды.

Медициналық ЖОО-лар мен шетелдің үздік университеттерінің арасында стратегиялық әріптестіктің екінші кезеңі іске асырылып жатқаны аталып өтті. Басқару позициясына және кафедра профессорлары ретінде Швеция, Франция, Польша, Италия, Түркия елдерінен жеті шетел маманы тартылды. 2017 жылдың соңына дейін тағы үш маманды тарту жоспарланған. 

Барлық мамандықтар бойынша медицина кадрларын даярлаудың жаңа стандарттары бекітілді.

Сондай-ақ, ҚР денсаулық сақтау министрі денсаулық сақтау саласын цифрлық жаңғырту және қағазсыз жұмыс форматына көшу мақсатында медициналық ақпараттық жүйелер (МАЖ) енгізіліп жатқанын мәлімдеді.

Бүгінгі таңда МАЖ-бен республика бойынша денсаулық сақтау ұйымдарының 45% қамтылған. Республикалық ұйымдардың МАЖ-бен қамтылуы – 26%. Жыл соңына дейін МАЖ-дарды барлық республикалық ұйымдарға енгізу жоспарланып отыр, аймақтарда - 64% дейін.

Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарында 2018 жылдан бастап медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге көшу жөніндегі пилоттық жобаны енгізу жоспарланып отыр. 2017 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша денсаулық сақтау ұйымдарын компьютерлік техникамен жабдықтау республика бойынша орта есеппен 74,4%-ды құрады, 2017 жылдың басында бұл көрсеткіш 34,3 %-ды құраған еді.

Республиканың медицина ұйымдарының 53%-ына интернет желісі қолжетімді, аталған көрсеткіш жыл басында 47%-ды құраған. 2020 жылға қарай АДА (ауылдық дәрігерлік амбулатория) деңгейіне дейін барлық медициналық ұйымдар интернет желісіне қосылады.