Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР Үкіметінде салық және кеден қызметін цифрландыру мәселелері қаралды

04 желтоқсан 2017, 14:33

Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов салық және кеден қызметін цифрландыру туралы баяндады.

Спикер атап өткендей, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Қаржы министрлігі салық және кедендік әкімшіліктендірудің бизнес-үдерістерін автоматтандыру жобасын іске асырып жатыр.

Жоба екі бағыттан тұрады: кедендік әкімшіліктендіруді жетілдіру және электрондық кедендік декларациялауға көшу; салықтық әкімшіліктендіруді цифрландыру. Бұл жобалар кедендік тазарту мерзімін айтарлықтай азайтуға және кедендік декларациялау рәсімдерін оңайлатуға бағытталған. Мәселен, «Астана-1» АЖ-сі — сыртқы экономикалық қызметтің қатысушылары үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз ететін және бастапқы ақпаратты берген уақыттан бастап тауарды шығарғаннан кейінгі бақылауға дейін барлық кедендік процеске автоматтандырылған бақылау жүргізуді іске асыруға мүмкіндік беретін көпфункциялы әрі кешенді жүйе. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап «Астана-1» АЖ-ның қалған шағын жүйелерін пайдалануға енгізу жоспарлануда.

«Астана-1 ақпараттық жүйесі ЕАЭО Кедендік кодексінің нормаларына сәйкес құрылған. Сонымен қатар онда кедендік заңнамалар бойынша мынандай жаңа енгізілімдер іске асырылған, олар: тауарларды электрондық декларациялау; кедендік декларацияны автоматты тіркеу және тауарларға декларацияны автоматты шығару», — деді министр.

«Е-терезе» бойынша кедендік әкімшіліктендіруді жеңілдету мақсатында, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап тоғыз рұқсат беру құжаттары бойынша «Бірыңғай терезе» тетігі іске қосылады.

Сонымен қатар, 2018 жыл ішінде «Е-лицензиялау» МДБ пысықтағаннан кейін, «Е-лицензиялау» МДБ интеграциялау жолымен мемлекеттік органдар беретін 42 рұқсат беру құжаттары туралы ақпарат электронды түрде «Астана-1» АЖ-ға түсетін болады.

«Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорымен бірлесіп жасанды зерде (IBM Watson) және блокчейн технологияларын (IBM Hyperledger Fabric) енгізуде қолданбалы зерттеулер жүргізу үшін зертхана құрылатын болады. Сондай-ақ, «ИТП» ДКҚ бірлеcіп, блокчейн технологияларын пайдалана отырып, ақпараттық жүйеге қойылатын техникалық талаптарды және ҚҚС әкімшілендіру әдіснамасын әзірлеу жұмыстары басталды.

«Әртүрлі дереккөздердің деректер базасын интеграциялау арқылы салық жинауды арттыру» жобасын іске асыру салықтық әкімшіліктендіру мақсатында Big Data құруға бағытталған.

«Қазірдің өзінде бизнеске қолайлы жағдай жасау мақсатында, салықтық бақылау назары камералық бақылауға ауыстырылды. Камералық бақылаудың мәні — салық декларацияларынан, сондай-ақ басқа да мемлекеттік кіріс органдарында бар кіріс көздерінен алынған мәліметтерді екі жақты талдау. Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда, салық төлеушіге өздігінен жою туралы хабарлама жіберіледі», — деді Б. Сұлтанов.