Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

2021 жылдан бастап қазақстандықтар жеке куәлікті латын графикасында алатын болады — МСМ

13 ақпан 2018, 12:31
Фото, бейне: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов а. ж. 9 ақпанда ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың іске асырылу барысы туралы баяндады.

2017 жылғы 26 қазанда Қазақстан Президенті Н. Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы Жарлықты жүзеге асыру мақсатында 2025 жылға дейін қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөнінде Ұлттық комиссия құрылды.

Ерлан Қожағапанов айтып өткендей, бүгінгі таңда, қазақ тілі әліпбиін 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру бойынша іс-шаралар жоспарының жобасы дайындалды.

Бірінші кезең 2018-2020 жылдарды қамтиды. Бұл кезеңде дайындық жұмыстары және нормативтік құқықтық базаны жетілдіру бойынша іс-шаралар жүргізіледі. Латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиінде дұрыс жазу ережелері, латын графикасына мәтіндік қайта кодтаушыға арналған конвертер бағдарламасын және IT-қосымша әзірленеді.

Екінші кезең: 2021-2023 жылдар. ҚР азаматының төлқұжаттары мен жеке куәліктерін және басқа да құжаттарды латын графикасы негізіндегі мемлекеттік тілде беріле бастайды. Орталықтардың оқытушылар мен ересек тұрғындарды үйрету үшін филологтар мен тілші лингвист ғалымдарды тарта отырып, семинарлар мен дәрістер, курстар ұйымдастырылады.

Үшінші кезең: 2024–2025 жылдар. Жергілікті мемлекеттік органдардың ісқағаздарын, сондай-ақ мемлекеттік БАҚ-ты және мемлекеттік баспа басылымдарды латын графикасына (кезең-кезеңмен) көшіру, білім беру ұйымдарының ісқағаздарын латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру ұйымдастырылады.

Бүгінгі таңда министрлік қазақ тілін латын графикасына көшіру бойынша «Тіл - қазына» үйлестіру орталығын құру бойынша жұмыс жүргізуде.

Бұдан өзге, мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Қазақстанның қасиетті географиясы» арнайы жобасын жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. ҚР Ұлттық музейі жанында «Қасиетті Қазақстан» орталығы жұмыс істеп тұр. 10 айлық тынымсыз жұмыстың арқасында киелі жерлердің тізімі бекітіліп, жалпыұлттық 183, жергілікті деңгейде 520 орын таңдалып алынды. «Киелі Қазақстан» энциклопедиясының бірінші томы жарыққа шығып, әрбір нысан бойынша 3D-турлар жасау үшін интерактивті-виртуалды карта әзірленді. ВВС арнасымен бірге Discovery, Viasat History, National geographic арналарында көрсету үшін төрт деректі фильм іске қосылды.

«Біздің келесі міндетіміз - әлемдік бірлестік алдында Қазақстанның танымалдылығын арттыру, ішкі және көшпелі туризмнің инфрақұрылымын дамыту. Тұңғыш рет туризм секторы ұлттық экономиканың драйвері ретінде енгізілді», — деп баса айтты Ерлан Қожағапанов.

Еске салсақ, ҚР мәдениет және спорт министрлігінің алдында ЖІӨ құрылымындағы туризм үлесін қазіргі 1%-дан 2025 жылға қарай 8% дейін арттыру бойынша міндет тұр.