Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Р. Скляр: Тұрғын үй шаруашылығы саласында 33 пилоттық жоба іске асырылады 

10 сәуір 2018, 14:50
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Скляр журналистердің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласына МЖӘ жобаларын енгізу туралы сұрақтарына жауап берді.

Инвестициялар және даму министрлігі өңірлермен және ЕҚДБ-мен бірлесіп барлық ықтимал тәуекелдерді және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тәжірибесін ескере отырып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында МЖӘ жобаларын біртіндеп, кезең-кезеңмен іске асыру моделін ұсынады.

«Жалпы ел бойынша 33 пилоттық жоба таңдап алынды. МЖӘ әлеуеті коммуналдық салада екенін жақсы білеміз. Бұл – су арналары, электр және жылу желілері», — деді Роман Скляр.

Өңірлерде жұмыс істейтін барлық коммуналдық кәсіпорындар технологиялық жаңартуларға мұқтаж. МЖӘ моделі, өз кезегінде, осы кәсіпорындарды жаңартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде тұтынушылар жоғары сапалы коммуналдық қызметтер алатын болады.

Роман Скляр сондай-ақ, қатынастарды реттеуге, әлеуетті серіктестерді табуға, әкімдіктермен, түрлі жобаларды қаржыландыра алатын халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруға көмектесетін ҚР ИДМ жанынан МЖӘ орталығын құру туралы мәлімдеді. Бұдан өзге, жақын арада МЖӘ бойынша типтік келісімшарт жасалады. Бұл бағдарлама пилоттық режимде іске қосылады, содан кейін ол бүкіл ел бойынша кеңінен таратылатын болады.

Сонымен қатар, инвестициялар және даму бірінші вице-министрі энергия үнемдеу саласында МЖӘ-ні дамытуды қолдаудың қолданыстағы тетіктерін пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.

«Энергияны үнемдеу — бүгінгі таңда сәнді үрдіс қана емес, бұл шын мәнінде елеулі қажеттілік. Құрылыс және ТКШ істері жөніндегі комитет, сондай-ақ Энергия үнемдеу және энергия тиімділігі жөніндегі институт энергия үнемдеу саласында МЖӘ дамытуды қолдау тетіктерін енгізу бойынша бірқатар шараларды жүзеге асырды», — деді Роман Скляр.

Бірқатар облыстарда бұл жобалар іске асырылуда. МЖӘ жобалары бойынша типтік конкурстық құжаттама жасалды.

«Сонымен қатар, бүгінде «Даму» қорымен бірлесе отырып аталған іс-шараларды жүзеге асыруға берілетін несие бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендету құралы іске асырылып жатыр. Несие мөлшерлемесі екінші деңгейлі банктегі деңгейден 10%-ке төмендейді, бұл коммуналдық қызметтерге осы тетіктерді белсендірек пайдалануға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді Роман Скляр.

Биыл барлық дерлік облыстық орталықтар аталған бағдарламамен қамтамасыз етіледі және жұмыс жүйелі түрде жалғасады.

«Әсіресе, көшелерді жарықтандыру желілерінде, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен бюджеттік сала кәсіпорындарының жұмысында энергияны үнемдеуге үлкен көлем мен әлеуеттің бар екенін көріп отырмыз. Оны іске асыру керек. Жұмыстар басталды, біз оны үйлестіреміз», — деп түйіндеді инвестициялар және даму бірінші вице-министрі.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз

 

Р. Скляр: Тұрғын үй шаруашылығы саласында 33 пилоттық жоба іске асырылады 
1/2
Р. Скляр: Тұрғын үй шаруашылығы саласында 33 пилоттық жоба іске асырылады 
2/2