Бақытжан Сағынтаев ЭКСПО-2017 нысандарының Халықаралық көрмені өткізуге әзірлігін тексерді

19 мамыр 2017, 20:19
Фото: primeminister.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ЭКСПО-2017-нің басты нысаны – Қазақстанның «Нұр Әлем» ұлттық павильонына, Конгресс-орталықтың концерт залы мен амфитеатрына және Конгресс-қонақүйге барды.

Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрі «Citic Group Corporation», «ҚТЖ» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Медикер» ЖШС мен «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ компанияларының презентациясы өткен корпоративтік павильон жұмысымен танысты.

Анықтама:

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі Астанада 10 маусымда басталып, 10 қыркүйекте аяқталады. Көрмеге 2 млн-нан астам адам келеді, ал жалпы көрмені аралаушылар саны 5 млн адамға жуық болады деп күтілуде.

«Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінің жалпы ауданы 174 гектарды құрайды, онда барлығы 35-ке жуық нысан орналастырылады. Көрме аймағында Қазақстанның ұлттық павильоны, халықаралық, тақырыптық және корпоративтік павильондар, сауда-ойын-сауық нысандары орналастырылады. Көрме аймағынан тыс аумақта конференц-орталық, баспасөз орталығы, жабық қалашық, тұрғын үйлер және қонақ үйлер орналасқан.

ЭКСПО-2017-ні өткізгеннен кейін көрме базасында Астана халықаралық қаржы орталығы қызмет көрсететін болады, сонымен қатар әлемнің әр түкпірінен инвесторлар мен кәсіпкерлерді тартуға арналған платформаға айналатын ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркі құрылады.