Бақытжан Сағынтаев Эстонияның Электронды басқару академиясының директоры И. Талломен кездесті

16 мамыр 2017, 13:47
Фото: primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Эстонияның Электронды басқару академиясының (e-Governance Academy) директоры Ивар Талломен кездесу өткізді.

Кеңес барысында Қазақстанда «электронды Үкіметті» жетілдіру, одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Қазіргі таңда Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында берілген тапсырмаларды іске асыру аясында ҚР Үкіметі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірлеп жатыр. Цифрлық трансформацияны жүргізу, соның ішінде «проактивті Үкіметке» ауысу, мемлекеттік қызметтер көрсету үдерісіне жаңа технологияларды енгізу «электронды Үкімет» инфрақұрылымының аудитін өткізуді талап етеді.

Анықтама:

1997 жылы Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының Бірыңғай ақпараттық кеңістік тұжырымдамасы мен оны іске асыру шаралары бекітілген. «Ақпараттық Қазақстан - 2020» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес «электронды Үкімет» инфрақұрылымы қалыптастырылды, 400-ден астам мемлекеттік ақпараттық жүйе құрылды, 700-ден астам мемлекеттік қызмет пен сервистер ұсынылуда және олардың саны жыл сайын арту үстінде. 2016 жылы 39 млн-нан астам қызмет көрсетілген, бұл 2012 жылмен салыстырғанда 4 есеге көп көрсеткіш.

Қазақстанның БҰҰ-ның «электронды Үкіметті» дамыту жөніндегі рейтингіндегі орны 2008 жылдан 2016 жылға дейінгі аралықта 48 сатыға жақсарып, 81 орыннан 33 орынға тұрақтады. Дүниежүзілік экономикалық форумның желілік әзірлік индексі жөніндегі есебінде 2009 жылдан 2016 жылға дейінгі аралықта Қазақстан 34 сатыға жоғарылап, 73 орыннан 39-шы орынға көтерілді. 2010-2016 жылдар аралығында Қазақстан Халықаралық электр байланысы одағының ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту индексі бойынша рейтингінде 16 сатыға жоғарылап, 68 орыннан 52-ші орынға көтерілген.