Димаш Досанов «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры болып тағайындалды

06 тамыз 2016, 00:46

«ҚазТрансОйл» АҚ-ның директорлар кеңесінің шешімімен Димаш Досанов «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры болып тағайындалды, деп хабарлады компанияда.

Димаш Досанова 1981 жылы Алматыда дүниеге келген. Үш жоғары білімі бар. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Униеверситетін, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін тәмамдаған. Сондай-ақ, Вашингтон қаласындағы (АҚШ) Джорджтаун университетінің іскерлік әкімшілік магистрі (MBA) дәрежесі бар. Қазақ, орыс, ағылшын және итальян тілдерін меңгерген.

Димаш Досанов еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласы Медеу ауданы әкімият аппараты жанындағы шағын және орта бизнесті дамыту ассоциацияның менеджері қызметінен бастады.

2004 жылы ҚР Индустрия және сауда министрлігі инновациялық саясат және жаңа технологияларды дамыту департаментінің жаңа технологиялар бөлімінің жетекші маманы болып жұмыс істеді.

2004-2006 жылдар аралығында «БӨ «ҚазМұнайГаз» АҚ-да әкімшілік департаментінің маманы, бас маманы, бас директорының көмекшісі, ақпараттық технологиялар департаментінің бас инженері, технологиялық процестерді автоматтандыру жүйесін басқару департаментінің бас инженері сияқты түрлі лауазымдарда еңбек етті.

2006-2010 жылдары - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қазақстандық қамтуды дамыту департаменті бастығының орынбасары.

2010-2014 жылдары - NCOC бас менеджердің сервис жөніндегі орынбасары, сервис жөніндегі бас менеджері, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-нан «ҚМГ Қашаған Б.В» іссапарға жіберілді.

2014 жылдан 2016 жылдың қаңтары аралығында «Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС-нің бас директоры лауазымын атқарды.

2016 жылдың 15 қаңтарынан «ҚазТрансОйл» АҚ Басқарма мүшесі болып сайланды.

2016 жылғы қаңтарынан «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының бірінші орынбасары болып тағайындалды.