Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ФОТОРЕПОРТАЖ: ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Қызылорда облысына жұмыс сапары, 28 маусым 2017 ж.

30 маусым 2017, 20:29
Фото: primeminister.kz

Ағымдағы жылғы 28 маусымда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды. Жұмыс сапарының мақсаты - «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында алға қойылған міндеттердің іске асырылу барысымен танысу.

Қызылорда облысы – елеулі экономикалық әлеуеті мен табиғи ресурстары бар аграрлық-индустриалды өңір. Облыста мұнай-газ саласы, уран өнеркәсібі және құрылыс индустриясы, ауыл шаруашылығы дамып жатыр.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Арал маңына жұмыс сапарының алғашқы нысаны Сырдария өзеніндегі Қызылорда су торабы болды. Бұл құрылыс суаруға арналған суды жинауға мүмкіндік береді, соның арқасында Мемлекет басшысының суармалы егіншілік алқаптарын кеңейту бойынша қойған міндеті орындалады. 

Өңірдегі егін шаруашылығы суармалы жерлерде ғана жүргізіледі, ауыспалы егіске ағымдағы жылы 180 мың га тартылды, бұл өткен жылға қарағанда 10 мың га-ға артық. Суармалы егін шаруашылығы алқабын кеңейту гидротехникалық құрылыс, оның ішінде Қызылорда су торабы арқылы жүзеге асырылады.

Облыстық балалар ауруханасын аралау барысында Бақытжан Сағынтаев емдеу мекемесінің жабдықталуымен танысты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова облыстың медициналық қызметкерлерінің МӘМС жүйесін енгізуге толық даярлығы туралы айтып берді.  Мәлім болғандай, МӘМС жүйесі мемлекет, жұмыс беруші және азаматтар арасындағы ынтымақтастық қағидаларына негізделген.

«Нұр Шұғыла» балабақшасы мен «Арай» спорт-сауықтыру кешенін аралаған Бақытжан Сағынтаев өңірдегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерінің іске асырылуымен танысты.

Денсаулық сақтау және білім беру МЖӘ қолданудың ең сұранысқа ие салалары болып табылады. Осыған байланысты Үкімет қайта реттеу, әкімшілік кедергілерді азайту және салық пен әкімшілік заңнаманы жетілдіру бойынша шаралар қабылдайды.

Қызылорданың Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында Бақытжан Сағынтаев өз ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жатқан бизнесмендерді қолдау туралы мәлімдеді. Мұнда өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы-2020» бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу, ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары саласындағы жұмыс бойынша және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру бойынша консалтингтік қызметтер көрсетіледі.

Өнеркәсіптік және әлеуметтік маңыздағы нысандарды аралағаннан кейін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев облыс активімен кеңеске қатысып, онда Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының жеке бағыттарын іске асыру барысын талқылады.

Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев Президенттің Жолдауын іске асырудың аралық қорытындылары және өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны туралы баяндады.

Кеңеске қатысушылар, оның ішінде «Сыр Маржаны» ЖШС басшысы М. Өтеев, «Аралтұз» АҚ басшысы Д. Мұқашев, облыстық мәслихат депутаты А. Махамбетов ағымдағы мәселелерді шешуге қатысты өз пайымдарымен бөлісті.

Жұмыспен қамту шаралары туралы сұрақтарға ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Б. Нұрымбетов жауап берді. Өңірдің белсенді тұрғындары ұсыныстарын айтып, өңірді дамытудың өзекті тақырыптарын атап өтті.

Облыстық білім және ғылым жұмыскерлері кәсіподағының төрағасы Р. Байназарова,«Оrda Glass ltd» ЖШС басшысы Е. Сағымбаев пен «Нұрай» ЖШС басшысы C. Алшынбаев, жазушы С. Жұбатыров, «Байқоңыр» агрохолдингінің директоры М. Еспанов өңірді әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамыту, АӨК саласындағы және облыс экономикасының басқа салаларындағы жобаларды іске асыру мәселелерін көтерді. 

Аймақ белсенділерімен кеңес барысында жұмыс істеп тұрған өндірістерді технологиялық жаңарту және өңірдің экономикасын әртараптандыру туралы сөз болды. Атап айтқанда, инвестицияларды тарту және саланы цифрландыру арқылы өңдеу өнеркәсібін дамыту қажет.

Көтерілген тақырыптар бойынша түсініктер мен жауаптарды ҚР инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек, ҚР энергетика вице-министрі А. Мағауов, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ басқарма төрағасы Л. Ибрагимова берді. 

Облыс белсенділерімен кездесу барысында көтерілген кейбір мәселелерді талқылау «Атамекен» ҰКП Аймақтық кеңесінің бизнес-қауымдастығымен кездесу барысында, іскерлік түскі ас кезінде жалғасты.

Жаңа жұмыс орындарын құру, оның ішінде сервистік экономиканың жаңа салаларында да құру мақсатында жаппай кәсіпкерлік пен өнімді жұмыспен қамтуды дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға және мемлекеттік қолдау шараларына ерекше көңіл бөлінді. 

Шағын және орта бизнесті дамыту туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов айтып өтті. «Атамекен» ҰКП өңірлік кеңесінің төрағасы А. Махамбетов, А. Әбдіразақова, С. Имандосов, Н. Ерманов кепілдендірілген шағын несиелер, салық төлеуден босату мәселелерін қозғады.

Көтерілген мәселелерге Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев, ҚР қаржы министрі Б. Сұлтанов, ҚР АШМ бірінші вице-министрі Қ. Айтуғанов, ҚР ұлттық экономика вице-министрі С. Жұманғарин түсінік беріп өтті.

Кәсіпкерлік дамыту бойынша кездесу нәтижелі болды – бизнес өкілдері проблемалық мәселелерді белгілеп, оларды шешу тетіктері жайлы білді. Әдеттегідей, кездесу фотоға түсумен аяқталды. 

Жаңа тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында Бақытжан Сағынтаевты Сырдарияның сол жағалауындағы құрылыс жобасымен таныстырды, жергілікті билік мұнда бірнеше жыл ішінде жаңа қала тұрғызуға ниетті.

Биыл өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2 211 пәтерден тұратын 40 көпқабатты үйді пайдалануға беру жоспарда бар. 

Жұмыс сапарының келесі бағыты – «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орны болды, оның аймақ үшін ғана емес, бүкіл республика үшін маңызы зор.

Бақытжан Сағынтаев кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылысын ЕҚДБ-ның қаржыландыруы туралы келісімге қол қою шарасына қатысты. Құрылыстың жүргізілу барысында мұнда 3 мың жұмыс орны ашылады, ал пайдалануға берілген соң 1,5 мың адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылады.

Кәсіпорын ұзақ уақыт бойы жұмыс істемеген еді, енді оны жандандыру бойынша нақты шаралар қабылданды. Бақытжан Сағынтаев кеніштің жай-күйімен және жүргізіліп жатқан тау-кен дайындық жұмыстарының барысымен танысу үшін шахтаға түсті. 

Жаңғырту кәсіпорынға 2019 жылдан бастап жыл сайын 2 млн тоннаға дейін мырыш кенін өңдеуге мүмкіндік береді, ал 2020 жылдың соңына қарай кәсіпорын толық жобалық қуатына – жылына 4 млн тоннаға дейін шығады. 

Ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесу барысында Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жобаларының жүзеге асырылу мәселелерін талқылады.

Қазіргі таңда өңірлердің, оның ішінде Қызылорда облысының киелі нысандарының тізімін жасау бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Олар еліміздің «киелі жерлер белдеуіне» еніп, туризм индустриясын дамыту көзіне айналады.

Талқыланған тақырып бойынша өз пікірлерімен журналист, облыстық мәслихат депутаты Ш. Әбдікәрімов, жазушы А. Алматов және басқалары бөлісті.

Қызылорда облысында Ұлы Жібек жолының бойында тұрған Сығанақ қалашығына археологиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр. 

Археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры К. Жетібаев қазіргі таңда Сығанақ аумағында мешіт-медресе мен нысанның солтүстік-шығыс бөлігінің қақпалары ашылып, тазартылғанын, қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғастырылып жатқанын айтты. Қалашық республикалық маңызға ие ескерткіш болып табылады, ол ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұрасының алдын ала тізіміне енгізілген.