Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ИИДМБ: өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағыттаумен

01 ақпан 2018, 13:11

ҚР индустриялық-инновациялық дамытудың 2015–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы 2014 жылдың 1 тамызындағы Президент Жарлығымен бекітілген және 2010–2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның қисынды жалғасы және сол бағдарламаны іске асыру тәжірибесін ескерген.

Бағдарлама Қазақстанның өнеркәсіптік саясатының бір бөлігі және шектеулі секторлардағы күштер мен ресурстардың шоғырлануымен, кластерлік тәсілмен және тиімді салалық реттеумен аймақтық мамандану арқылы өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға бағытталған.

Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты — еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген тауарлар экспортының көлемін ұлғайтуға бағытталған өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін екпінді ынталандыру.

Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін келесі міндеттер анықталған:

  • дәстүрлі секторлардағы кәсіпорындарды жаңғырту есебінен тиімді базалық индустрияны құруды аяқтау;
  • сала түзуші ірі жобаларды іске асыру арқылы индустриялық өсудің жаңа нүктелерін қалыптастыру;
  • экспортқа және өз еңбегінің өнімділігін үнемі арттыруға бағдарланған тиімділігі жоғары индустриялық кәсіпкерліктің пайда болуы үшін жағдайларды қамтамасыз ету;
  • инновациялық белсенді бизнестің сындарлы мөлшерінің пайда болуы үшін алғышарттар жасау.

Бағдарламаны іске асыру 2019 жылға қарай өңдеуші өнеркәсіп өнімі экспортының құндық көлемінің 2015 жылғы деңгейге қарағанда 19%-ға өсуін қамтамасыз етеді. Өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігінің 2015 жылғы деңгейге қарағанда нақты мәнде 22%-ға өсуі орын алады. Өңдеуші өнеркәсіптің негізгі капиталына инвестициялар көлемі 4,5 трлн теңге сомасына жетеді. Өңдеуші өнеркәсіптегі энергия сыйымдылығының 2014 жылғы деңгейге қарағанда кемінде 7%-ға төмендеуі болжанған.

 

Жаңа өндіріс орындарының мекен-жайы

 

Іске асырылған ең ірі жобалардың бірі — Павлодар облысындағы «Giessenhaus» ЖШС қоспалы алюминий шығару ұйымы (Германия, 4,6 млрд тг).

2017 жылы «Павлодар» АЭА аумағында «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ сұйық алюминийі шикізат ретінде пайдаланылатын «Giessenhaus» қоспалы алюминий шығаратын жобасы жүзеге асырылды.

Сонымен қатар 2017 жылы «Giessenhaus» бос аудандарында «KиK Павлодар» ЖШС жеңіл балқытылатын алюминийден жасалған автокөлік дискілерінің өндірісін жолға қойды. Бұл — Қазақстанда алюминийден жасалатын автокөлік дискілерін шығаратын алғашқы зауыт. Өндірістік қуаты жылына 1 млн тоннаны құрайды.

ИИДМБ аясында іске қосылған тағы бір табысты жұмыс істеп тұрған өндіріс орны — «Тау–Кен Алтын» аффинаж зауыты.

2013 жылдың соңында «Тау-Кен Алтын» ЖШС мемлекеттік аффинаж зауыты іске қосылды, ол қысқа мерзім ішінде тазартылған алтын өндірісінің өсуіне серпінді ықпал етуде. Осылайша, 2017 жылы түпкілікті өнімді өндіру мен өткізу көлемі 18,1 тоннаны құрап, 2016 жылға қарай 1,5 есеге (12 тонна) артты.

Лондон металл биржасының талаптарына сәйкес үш жылда кемінде 10 тонна жылдық өнім көлемін шығаруды қамтамасыз ету «Тау-Кен Алтын» ЖШС-ға «London Good Delivery» сертификатын алуға мүмкіндік береді, оның нәтижесі — аффинаж зауыты ретінде халықаралық деңгейде мойындалу болады.

2017 жылдың соңында «Тау–Кен Алтын» зауытының Лондон асыл металдар нарығының қауымдастығында (London Bullion Market Association – LBMA) тіркелген және Good Delivery стандарты бойынша құймаларды өндіруге құқығы бар жеткізушілер тізіміне ену мүмкіндігі туралы өтініміне LBMА басшылығы қолдау білдірді.

«Тау-Кен Алтын» ЖШС-нің LBMA талаптарына сәйкестігі бойынша сараптама жұмыстарын LBMA-ның екі сарапшысы жүргізеді.

Сонымен қатар фасилитатор ретінде SG2 Consult Sarl кандидатурасы ұсынылған. Фасилитатормен бірлесіп ISAE 3000 немесе ISO 19011 стандарты бойынша сертификаттауға (немесе сәйкестендіруге) шеттен тәуелсіз аудитті таңдау жұмыстары жүргізіледі.

Бұдан өзге, Ұлттық банк басқармасының қаулысы мен қабылданған заңға сәйкес ҚР-ның аффинаж кәсіпорындары тазартылған алтынды зергерлік бұйымдарды шығарушыларға тікелей өткізу мүмкіндігіне ие болды.

«Тау–Кен Алтын» ЖШС Қазақстанның Ұлттық банкіне өткізетін, салмағы 12 кг-дық стандартты құймалармен қоса, зергерлерге түрлі диаметрлі түйіршіктер мен халыққа инвестициялық алтын ретінде өткізетін 1-ден 100 гр-ға дейін өлшеулі құймалар шығарады.

 

2017 жылдың қорытындысы: 120 жоба мен 10 мың тұрақты жұмыс орны

 

Мемлекеттік бағдарламаны 2017 жылы іске асыру қорытындысы қандай? Өңдеу өнеркәсібінің өнеркәсіптік өндірісінің көлемі 2017 жылдың 12 айында 9,2 трлн теңгені құрады, бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,1%-ға ұлғайтылған.

Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсатты индикаторлары бойынша оң қарқын байқалады.

2017 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің экспорты 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,1%-ға ұлғайтылып, $14 млрд құрады.

Өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялар көлемі 2017 жылдың 12 айында 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,7%-ға өсіп, 981,6 млрд тг құрады.

Жалпы кәсіпорындар бойынша еңбек өнімділігі 2017 жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша (2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда) 9,9%-ға өсіп, жан басына $22,3 мыңды құрады.

Бағдарламаны іске асыру экономика мен өнеркәсіп құрылымының өзгеруіне әсер етті. Мәселен, экономика дамуына (ЖІӨ) өңдеу секторының үлесі 2015 жылы 10,1%-дан 2017 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 11,5%-ға дейін ұлғайтылды, өнеркәсіпте — 2010 жылы 31,8%-дан 2017 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша 40,4%-ға дейін, экспортта — 2010 жылы 27,9%-дан 2017 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 32,5%-ға өсім байқалды.

2017 жылы жалпы сомасы шамамен 1,5 трлн теңгеге 10 мыңға жуық  тұрақты жұмыс орнын ашумен 120 жоба іске асырылды.

Индустрияландырудың арқасында өңдеу өнеркәсібін инвестиция салуға тартымды ете алдық.

 

Индустрияландыру мерекесі

 

Қазақстанда жыл соңында Мемлекет басшысы мен Үкімет мүшелерінің қатысуымен Индустрияландыру күнін атап өту дәстүрге айналды. Мұнда жаңа нысандар ашылады, ел экономикасының барлық салаларында жаңа өндірістер бастау алады. Индустрияландыру күні мерекеге айналуда. Бұл — заңдылық, себебі әрбір жаңа кәсіпорын – бұл жүздеген және мыңдаған жаңа жұмыс орындары, бұл – жаңа заманауи зауыттар мен фабрикалардың мекен-жайлары.

2017 жылы да бұл күн ерекше аталып өтті. Мемлекет басшысының қатысуымен Индустрияландыру күні аясында жалпы сомасы 1,2 трлн-нан астам теңгеге шамамен 3,4 мың жұмыс орнын ашумен 25 жоба таныстырылды. Олардың шамамен 300 млрд теңгеге 23 жобасы іске қосылды.

Маңызды жобалардың ішінде Ақмола облысы Ақсу ауылында «Қазақалтын Technology» ЖШС алтын өндіретін фабрика құрылысы. Бұл еліміздегі Доре қорытпасы түрінде (ескерту – алтын кен орындарында алынатын және келесі тазалау үшін аффинажды зауыттарға жіберілетін алтын-күміс қорытпасы) алтын және күміс өндірумен айналысатын, асыл металдары бар техногенді минералды қалдықтарды қайта өңдеу бойынша алғашқы кәсіпорын. Жобаны іске асыру жыл сайын 7 млн тоннаға ТМҚ дейін қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Жаңа технология арқылы тек бастапқы кезеңнің өзінде Доре қорытпасы түрінде 4 тоннаға дейін алтын және 2 тоннаға дейін күміс аламыз. Жобаны іске асыру металдар алуда заманауи автоматтандырылған технологияларды қолдануды талап етті.

Тағы бір маңызды жоба — қуаттылығы жылына 50 мың тонна мұнай-газ жабдықтары мен құбырларды өндіретін зауыт құрылысы, «Giessenhaus» ЖШС, Павлодар облысы. Зауыт жоғары өңдеудің алюминий өндірістерін дамытудың ажырамас бөлігі болып табылады және Қазақстандағы алюминий өндірісінің алюминий кластерін дамытудың бастапқы нүктесі болады. Дайын өнім отандық кәсіпорындарды қоспалы алюминиймен қамтамасыз етеді, сондай-ақ Еуропа мен ТМД елдеріне экспортталады.

Бұдан өзге, шамамен 1 трлн. теңге сомаға екі жоба құрылысы іске қосылды. Олардың біріншісі — бітеуші цемент өндіретін зауыт құрылысы, «Гежуба Шиелі Цемент компаниясы» ЖШС, Қызылорда облысы. Зауыттың басты өнімі бітеуші цемент болмақ, оның 70% ішкі нарықтың қажеттіліктеріне бағытталады, ал 30% Орта Азияға, ТМД елдеріне және Қытайға экспорттаймыз. Жобаға 64 млрд теңге инвестиция салынады. 260 жаңа жұмыс орны құрылады.

Тағы бір жоба — ықпалдастырылған газ-химия кешені құрылысы, «Қазақстан Петрокемикал Индастриз Инк» ЖШС, Атырау облысы.

 

Толықтырусыз болмайды

Әрине, Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында оған нақты түзетулер енгізіледі. Мысалға, шикізаттық емес экспортты қолдау жүйесін құру мақсатында 2017 жылы ұлттық экономика министрлігімен Ұлттық экспорттық стратегия әзірленді және қабылданды.  

2017 жылы Дүниежүзілік Банкпен бірге 2018-2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегия әзірленді және бекітілді. Инвесторлармен жұмыс «бір терезе» қағидасы бойынша шетелдік өкілдіктер мен өңірлік филиалдар желісімен Кazakh Invest инвестициялар жөніндегі мамандандырылған ұлттық компаниясы арқылы ретке келтірілді.

Жұмыс барысы бойынша түзету жалғасуда. Осылайша, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауы аясында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын орындау мақсатында «цифрлық дәуір» өнеркәсібінің қалыптасуына бағытталған Индустрияландырудың үшінші бесжылдығы тұжырымдамасы әзірленеді (инновациялар, технологиялар трансферті және өңдеу өнеркәсібін цифрландыруға жәрдемдесуге баса назар аударылады).

 

Стартаптарды іске қосу үшін…

 

Индустриялық-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іс-шаралар жоспары аясында «Инновациялық технологиялар паркі» АКҚ базасында трансұлттық корпорацияларды тарта отырып, технологиялар орталықтары құрылады. «ИТП» АКҚ мәліметі бойынша, стартаптармен бірлесіп жұмыс жасау үшін келесі ірі компаниялар тартылды: IBM, EMC-DELL, Google, Intellisense.io, Materia, Autodesk, Metalysis, Ecodomus, OCSiAl.

Стартаптарды қаржыландыру үшін инвестициялар және даму министрлігі «ИТП» АКҚ-мен бірге бірлескен венчурлік қорлар құру түрінде шетелдік қаражаттар тартады. Сондай-ақ, «GVA AlatauFund» (АҚШ) алғашқы бірлескен инвестициялық қоры құрылды. Бұл отандық және стартаптарды дамытуға және шетелдік стартаптарды тартуға бағытталған алғашқы ауқымды қазақстандық бағдарлама, онда бүгінгі таңда «Стартап Қазақстан» бағдарламасын 30% ортақ қаржыландыру үшін алғашқы шетелдік венчурлік қор («GVA Capital», АҚШ) тартылды.

Жетекші инновациялық орталықтармен өзара тиімді іс-қимылды қамтамасыз ету үшін Кремний Алқабында (АҚШ), Сколково мен Новосібір Академпаркінде (РФ) «ИТП» АКҚ өкілдіктері ашылды. «ИТП» АЭА он компаниясы былтыр күзде Кремний алқабындағы (АҚШ) өкілдіктерде жетілуден өтті. Оның қорытындысы бойынша бір компания АҚШ нарығына шығады.

 

2018 жылға жүктелген міндеттер

Ағымдағы жылы 15 мың тұрақты жұмыс орнын құрумен шамамен 1 трлн теңге сомаға Индустрияландыру картасының 150 жобасын енгізу жоспарланған.

2018 жылдың әлдеқайда маңызды жобалары:

  • «Проммашкомплект» ЖШС теміржолға арналған дөңгелектер өндіретін кешені (Павлодар облысы);
  • «Эйжа Стил Пайп Корпорейшн» ЖШС үлкен диаметрлі болат дәнекерленген құбырлар өндіретін зауыт құрылысы (Алматы қ.);
  • «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС азық-түлік өндіретін зауыт (Қапшағай қ., Алматы облысы).