Мемлекет басшысы Ақмола облысының кәсіпорындарын аралады

19 тамыз 2017, 17:45
Фото: Akorda.kz

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұмай жер» ЖШС, «Көкшетауминводы» АҚ шаруашылықтарына барды, сондай-ақ «Бурабай» гольф клубының ашылу рәсіміне қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

Мемлекет басшысы астық алқабының жағдайымен және егін шаруашылығы өнімдерін өндіру, оны сатумен айналысатын аграрлық кәсіпорынның қызметімен танысты. Нұрсұлтан Назарбаевқа алдағы егін ору науқаны және оған ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы туралы баяндалды.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті облыстың шаруаларымен әңгімелесіп, ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайы жөнінде сұрады. Әңгіме барысында шаруашылық еңбеккерлері Елбасыға қабылданған агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отырғаны туралы айтты. Сондай-ақ, субсидия беру, аграрлық өнімдер экспортын дамыту және шаруашылықты технологиялық жаңғырту мәселелері көтерілді.

Содан кейін Президент минералды су шығарумен айналысатын «Көкшетауминводы» АҚ кәсіпорнын аралап көрді. Нұрсұлтан Назарбаевқа кәсіпорын қызметінің экономикалық көрсеткіштері, соның ішінде өнімділігі, жаңа жұмыс орындар саны, тартылған инвестиция көлемі жөнінде мәлімделді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Бурабай» гольф клубының ашылу рәсіміне қатысты. Гольф клубтың ашылу рәсімінде Елбасы қатысушыларды жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтап, өңірдің туристік әлеуетін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан Президенті жаңа жобаның іске асырылуы отандық және шетелдік туристердің курорттық аймаққа қызығушылығын одан әрі арттыруға және келушілер санының көбеюіне септігін тигізетінін айтты.

«Біз Бурабайды Қазақстанның перспективалы туристік бағытының бірі ретінде дамытқымыз келеді. Бұл осы өңірге туристер мен спорт сүйер қауымды тарту мақсатымен жасалып отыр», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

1/5
2/5
3/5
4/5
5/5