ҚР АШМ: Қазақстанда мал аурулары 36%-ға төмендеді

16 мамыр 2017, 12:14

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі қаралды.

ҚР ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов 2017 жылдың басынан қой шешегі, лейкоз, вирустық диарея мен эпизоотиялық лимфангит секілді аурулар бойынша эпизоотиялық жағдайларда тұрақтылық байқалатынын мәлімдеді.

2017 жылы мал ауруларының 36%-ға төмендеу динамикасы байқалған. 2016 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша мал ауруының жалпы 36 ошағы тіркелсе, биыл ол 23 ошақты құрады.

2017-2021 жылдарға арналған АӨК дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында ветеринарлық заңнаманы өзгерту жобасы әзірленуде.  

Бірінші вице-министр Қ. Айтуғанов 2017 жылы малдарға 17 аса қауіпті ауруларға қарсы 149,3 млн екпе жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын айтып өтті. Қазіргі таңда 37,5 млн екпе жұмыстары жүргізілген, бұл өткен жылдағы деңгеймен салыстырғанда 34%-ға (27,9 млн) жоғары көрсеткіш.

2017 жылы 70 млн диагностикалық зерттеулер жүргізу жоспарланған, бүгінде олардың 15 млн зерттеуі жүргізілген.

Елімізде барлығы 2,6 млн-нан астам ІҚМ, 3,8 млн бас ҰҚМ, 150 мың шошқа, 18 мың жылқы және 31 мың түйеге диагностикалық зерттеулер жүргізілген.