Қазақстандық мұнай өнімдері нарығында тұрақтылық байқалуда

18 сәуір 2017, 11:15

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында Қазақстанның энергетика саласын дамытудың алдын-ала қорытындысы қаралды.

ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев мұнай мен конденсат өндіру көлемі шамамен 21,1 млн тоннаны немесе 2017 жылдың 1 тоқсанындағы жоспардың 103,5%-ын құрағанын мәлімдеді. Жалпы мұнай өнімдері нарығындағы жағдай тұрақты және ЖЖМ тапшылығы байқалмайды. Ішкі нарық отандық ЖЖМ-мен толықтай қамтамасыз етілген.

«Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне дизельдік отын жеткізудің бекітілген кестесі аясында  2017 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына 375 мың тонна отын, соның ішінде АМӨЗ – 79 мың тонна, ПМХЗ – 233 мың тонна және ПҚОП – 63 мың тонна жеткізілуі тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өтініміне сәйкес, дизельдік отынға деген қажеттілік толық көлемде қанағаттандырылған», - деді Қ. Бозымбаев.

2017 жылғы наурыз-сәуір айларындағы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге қажетті дизельдік отынның ұсынылған бағасы тоннасына 127 000 теңгені құрайды (105,4 теңге/литр). Тасымалдау мен сақтауды есепке алғанда, АШТӨ-ге арналған дизельдік отын бағасы жеткізу аймағының қашықтығына байланысты литріне 117-126 теңгені құрайды.

Газ өндіру көлемі 13,2 млрд м3-ті құрап (2016 жылдың ұқсас кезеңіндегімен салыстырғанда 108,5%), тоқсандық жоспардан 4 пайызға артық көрсеткішті көрсетті. Сонымен қатар Қазақстан Республикасынан газ экспорты 4,1 млрд м3-ті немесе 2016 жылдың ұқсас кезеңінен 26%-ға жоғары көрсеткішті құрады.

Электр энергиясын өндіру І тоқсанда 27,1 млрд кВт/сағатты құрады, бұл 2016 жылғы сәйкес кезеңнен 10,3 пайызға жоғары.