ҚР Үкіметінде жекешелендіруді жүргізу барысы қарастырылды

10 сәуір 2017, 11:05

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысында елімізде жекешелендірудің жүргізілу барысы туралы ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады.

Министрліктің мәліметінше, 2017 жылы - 280 ұйым, 2018 жылы - 84 ұйым сатуға шығарылады. «Эйр Астана» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ ҰАК, «Қазақтелеком» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «ТауКен Самұрық» ҰК» АҚ тәрізді еліміздің 8 ірі активін IPO/SPO-ға 2019-2020 жылдары шығару жоспарланған.

Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі Мемлекеттік комиссияда ТОП 65 активтен 22-сін сату тәсілі бойынша шешім қабылданды, оның ішінде бәсекелі ортаға берілуі тиіс республикалық меншіктегі 8 компания мен «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ 14 компаниясы, сонымен қатар қордың 215 активінен 157-сі бойынша, деп атап өтті спикер.      

2016 жылдың соңында жүргізілген ведомствоға бағынышты ұйымдарды түгендеудің қорытындысы бойынша Кешенді жекешелендіру жоспарына қосымша 105 ұйым мен қызметтерін мемлекеттің қатысуымен және онымен үлестес тұлғалармен АҚ және ЖШС атқара алатын, Үкіметтің қызмет түрлерін айқындайтын қаулысына сай келмейтін 32 ұйым енгізілген.  

«Нысандар тізімін жасағанда біз түгендеу нәтижелерін негізге алдық, оған сәйкес мемлекет меншігінде – 6003 ұйымды сақтап қалу ұсынылды, оның ішінде 88% астамы әлеуметтік сала ұйымы болса, 447 компания – квазимемлекеттік сектордан, сонымен қоса  243 ұйымды тарату ұсынылды», - деп нақтылады Т.Сүлейменов.

Сонымен қатар, баяндамашы атап өткендей, жекешелендірудің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету, әлеуетті инвесторларды барынша көп тарту мақсатында «KAZNEX INVEST» АҚ қосымша интернет-ресурсын - www.privatization.gov.kz ашты, мұнда жекешелендірілетін нысандар жөніндегі ақпараттар ұсынылған және кешенді жекешелендіру жоспарының орындалуының жүзеге асырылу барысы жарық көреді.  

Еске салайық, 2018 жылдың соңына дейін Кешенді жоспарға енген ұйымдарды жекешелендіруді аяқтау туралы міндет Қазақстан халқына арналған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында ҚР Үкіметіне жүктелген.

1/1