Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №63

11 желтоқсан 2017, 14:26

2017 жылғы 4–10 желтоқсан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

Өткен аптаның маңызды шараларының бірі Астана қаласында Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың қатысуымен Индустрияландыру күнінің өтуі болды. Оның аясында «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыс қадамы» жалпыұлттық телекөпірі өтті. Индустрияландыру картасының жобаларын таныстырып болғаннан кейін Елбасы «Парыз» және «Алтын сапа» сыйлықтарының лауреаттарына жүлделерін марапаттады. 

Сол күні Мемлекет басшысы Н. Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы сотының төрағасы болып тағайындалған лорд Гарри Кеннет Вульфтің ант қабылдау рәсіміне қатысты.

Сондай-ақ, өткен аптада Президент Н. Назарбаевтың қатысуымен елорданың Астана қаласына көшуінің 20 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Елбасы астананың іргесін қалауға алғашқы болып атсалысқан азаматтармен кездесіп, «Президент және Астана» фотокөрмесін аралап көрді.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев та жоғарыда аталып өткен шараларға қатысты. Индустрияландыру күнін өткізу аясында Премьер-Министр «Парыз», «Алтын сапа» сыйлықтарының лауреаттарына марапаттарын табыстады. Мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері «Іскер», «Ұлы дала елі» сыйлықтарының және «Қазақстанның үздік тауары» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.  

Дүйсенбі күні, 4 желтоқсанда, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасы, салық және кеден қызметін цифрландыру, «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту мәселелері және халықты дәрілік қамтамасыз етуге қолданылатын шаралар қаралды.

Сейсенбі күні, 5 желтоқсанда, Астана қаласында ірі шетелдік инвесторлардың қатысуымен Kazakhstan Global Investment Roundtable ауқымды форумы өткізілді. Шара аясында Бақытжан Сағынтаев пленарлық сессияда сөз сөйледі, сондай-ақ форум қатысушыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Бейсенбі күні Бақытжан Сағынтаев Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысын өткізді

Сол күні Үкімет үйінде Бақытжан Сағынтаев  БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі – Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Норимасо Шимомурамен және Қазақстандағы Азия даму банкі өкілдігінің директоры Джованни Капаннеллимен, сонымен қатар Фырат Девелиоғлының басшылық етуімен Түрік және қазақстандық кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдерімен кездесу өткізді.

Бұдан өзге, өткен аптада Бақытжан Сағынтаев Германия экономикасы Шығыс комитетінің төрағасы Вольфганг Бюхелемен Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамыту, Қазақстан экономикасының түрлі салаларында жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. 

Жұма күні, 8 желтоқсанда Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қоры басқару комитетінің отырысы өтті.