ЭКСПО-2017-ні өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты мәселе болып табылады

11 сәуір 2017, 19:52
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин ЭКСПО-2017-ге дайындық кезінде қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) көшпелі отырысын өткізді. 

Отырыс барысында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты мемлекеттік органдардың басшылары жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді.

Қоғамдық тәртіп күзеті мен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, туындайтын мәселелерді шешіп, жедел басқару үшін бірқатар шаралар кешені қабылдандып, арнайы, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары ішінен жедел штаб пен жұмыс тобы құралды.  

ЭКСПО-2017 аумағында полиция бөлімшесі мен көрмеге жақын маңда өрт сөндіру бөлімшесі ашылды. Көрменің ашылуынан бір ай бұрын қауіпсіздікті қамтамасыз ету орталығы жұмысын бастайды.

Жалпы қоғамдық тәртіп күзетіне 9 мыңнан астам құқық қорғау қызметкерлері жұмылдырылады.

Сонымен қатар, көрме кешеніне кіреберістер металлодетекторлармен, рентген-телевизия қондырғыларымен жабдықталған. Осы жерде бейнеаналитика, бетті анықтау және келушілерді тіркеу жүйесі қолданылады.

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесе отырып көрме кешеніне әкелінген барлық жүк пен тауарларды мобильді инспекциялық-тексеру кешендерінің көмегімен тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Көрме нысандарында бақылау жүргізіп, жедел әрекет ету мақсатында 2 мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылған, ол Астана қаласы ІІД-нің Жедел басқару орталығына шығарылған.

Белгілі болғандай, ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі 2017 жылдың 10 маусым – 10 қыркүйек аралығында өткізіледі. «Астан ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов ЭКСПО-ның негізгі нысаны, халықаралық павильонның пайдалануға берілгендігін мәлімдеді. 125 ел мен 21 халықаралық ұйым көрмеге қатысатынын растады. 88 ел жұмысқа кірісіп кеткен, ал тағы 13 мемлекет алдағы аптада жұмысқа кіріседі.  

Ведомствоаралық комиссия отырысын қорытындылай келе Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А.Мамин, Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу бойынша үлкен дайындық және ұйымдастырушылық жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Сонымен қатар, көрме қонақтары мен қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда екендігін айтты.

А.Мамин Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесінің аумағында құқық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметтерін қарады.

Ол жаңа мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде, «Есіл» ауданы ІІБ-ның полиция бөлімінде болып, Логистика орталығында көлік құралдарын тексеру тәртібімен, сондай-ақ, Қауіпсіздікті қамтамасыз ету орталығымен танысты.

1/2
2/2