Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

АЭФ-тегі жоғары деңгейлі пікірталас: ХВҚ Қазақстанда аймақтық техникалық көмек орталығын ашуды ұсынды

16 мамыр 2018, 16:20
Астана
Фото: primeminister.kz

Бүгін Астанада XI Астана экономикалық форумының ашылуы қарсаңында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ХВҚ және Ұлттық банктің аймақтық кездесуі аясындағы Жоғары деңгейлі пікірталасқа қатысты.

Дөңгелек үстелге қатысушыларға арнаған сөзінде Б. Сағынтаев биыл форум бүкіл әлемде орын алып жатқан түбегейлі өзгерістерге байланысты Жаһандық сын-тегеуріндер саммиті ретінде өткізілетінін атап өтті.

Әлем технологиялық революцияның ықпалымен жылдам өзгеріске ұшырауда. Бұл жаһандық ауысым барлық елдер мен үкіметтерден, корпорациялардан және бизнестен ғаламдық өзгерістердің аса серпінді бағыттарында озық кооперацияны талап етеді.

Қазақстан жаһандық «Белдеу және Жол» бастамасының дамуын қолдайды және аталған жобада толыққанды халықаралық ынтымақтастық орнатуға дайын, — деді Бақытжан Сағынтаев.  

Қазақстан 2015 жылдың соңынан бастап Дүниежүзілік сауда ұйымының ресми мүшесі болып табылады. Бұл — еліміздің Орталық Азия аймағының көшбасшысынан жаһандық экономикалық процестің ірі қатысушысына айналуына берілген мүмкіндік.

Қазақстан Үкіметі ХВҚ-мен, Кавказ және Орталық Азия елдерімен аталған барлық бағыттарда тәжірибемен алмасуға және үздік тәжірибелерді таратуға жәрдемдесуге әзір.

Пікірталас барысында елдердің бірлесуге және кооперация құруға дайындығы, мүмкіндіктерді пайдаланып, қауіптерді болдырмау, сондай-ақ аймақ мемлекеттерінің ұлттық мүдделеріне жауап беретін заманауи макроэкономикалық, қаржылық және құрылымдық саясаттың келешегі мәселелері талқыланды.

ХВҚ басқарушы директорының орынбасары Т. Чжан пікірталас қатысушыларына алғы сөзін арнады.

ХВҚ аймақтық және жаһандық интеграция презентациясын жасады. Әлемдік экономиканың түрлі бағыттары мен қазіргі заманның сын-тегеуріндері туралы диалог пен пікір алмасуға Да Ауғанстан банк төрағасының бірінші орынбасары В. Ношер, Армения Республикасының Вице-Премьер-Министрі В. Габриелян, Өзбекстан Республикасының Орталық банкінің төрағасы М. Нұрмұратов, Еуропа қайта құру және даму банкінің басқарушы директоры М. Романи, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Т. Саркисян, ХВҚ басқарушы директорының орынбасары Т. Чжан, АДБ Орталық және Батыс Азия жөніндегі департаментінің бас директоры В. Липах, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық басқармасының бас экономисті Г. Тиммер және т.б. қатысты.

Қазақстанда ХВҚ-ның техникалық көмек көрсету жөніндегі аймақтық орталығын ашу мәселесі қозғалды. Бұған дейін 2017 жылғы мамырда ХВҚ Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері департаментінің директоры Джихад Азур ХВҚ-ның Қазақстан Республикасының аумағында ХВҚ-ның Кавказ және Орталық Азия елдеріне техникалық көмек көрсету орталығын құру жөніндегі бастамасы туралы айтты.

Бұл бастама Қазақстан мен ХВҚ арасындағы тығыз өзара қарым-қатынасты және Қазақстанның аймақтағы техникалық көмек саласындағы әлемдік стандарттарды алға жылжыту мақсатындағы маңызды стратегиялық рөлін көрсетеді.

 

Анықтама: ХВҚ 1945 жылғы 27 желтоқсанда мүше-мемлекеттердің ақша-несие қатынастарын реттеу және оларды шетел валютасындағы қысқа және орта мерзімді несиелер беру арқылы төлем теңгерімінің тапшылығы кезінде жәрдемдесу мақсатында құрылған. ХВҚ —  әлемдік валюта жүйесінің институционалдық негізі.

ХВҚ-на 189 ел мүше. Қазақстан ХВҚ-ға 1992 жылғы 15 шілдеде мүше болды. 2010 жылдың күзінен бастап Қазақстан ХВҚ-ның Швейцария, Польша, Сербия, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстан елдері кіретін Швейцариялық кіші тобына қосылды (бұған дейін Қазақстан Бельгия кіші тобының құрамында болды).

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз