Кәрім Мәсімов «Шаңырақ» шағын ауданындағы арықтар мен жолдардың жағдайын тексерді

15 тамыз 2016, 21:14
Алматы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

ҚР Премьер-Министрі Алматының Алатау ауданындағы жолдар мен арықтар салу барысымен танысты.

Өткен көктемде Алматыдағы нөсерлі жауын, сондай-ақ жер асты суларының көтерілуі  салдарынан бірнеше көшені және көлік инфрақұрылымының жекелеген бөліктерін су басты. Атап айтқанда, Алатау ауданындағы «Шаңырақ-2» шағын ауданында көшелер зардап шекті. Мегаполисті су басу мәселесі әлеуметтік желілерде резонанс тудырып, Үкімет отырыстарында көтерілді.

Кезекті нөсерлі жауыннан кейін қаланың өткелдері және көлік жол айрықтары су астында қалды, сонда Кәрім Мәсімов Алматының арық жүйесін жеке өзі тексеруді уәде еткен болатын.

«Өзім барғанда арықтарды қарап шығамын. Мен келмес бұрын өзіңіз де көріп шығыңыз», - деген еді Премьер-Министр 28 маусымда селекторлық жиын барысында Алматы әкімі Б. Байбекке.

Б. Байбектің айтуынша, су басу мәселесі мегаполиске қосылған ойпаңда орналасқан аумақтарда туындайды. Сонда қала әкімі Алматыдағы 188 шақырым арықтар мен өзеннің сағаларын тазарту туралы мәлімдеді.

Алматы қаласы Алатау ауданы «Шаңырақ-2» шағын ауданындағы Ысқақов, Әулиеағаш, Жиделі, Күнбел, Сарыжаз, Жылысай, Марқакөл көшелеріндегі жауын салдарын жоюға және апаттық-қалпына келтіру жұмыстарына 259,8 млн теңге бөлінді. Қалпына келтіру жұмыстарының барысын Премьер-Министрге Алатау ауданының әкімі Б. Манзоров, Алматы әкімінің орынбасары Р.Тауфиков пен С. Мәкежанов таныстырды. Қолданылып жатқан су тасқынына қарсы шаралар туралы ТЖ жөніндегі қалалық департамент басшысы С. Әубәкіров мәлімдеді.

Қазіргі уақытта «Шаңырақ» шағын ауданында арық жүйелерін салу және асфальт төсеуге негіз дайындау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылым салуды қыркүйекте аяқтау жоспарланған.

Алматыдағы нөсерлі жауын салдарын жою жұмыстарын жүргізумен танысу барысында Кәрім Мәсімов шағын аудан тұрғындарымен тілдесті.