Мәжіліс ТМД елдерінің ТЖ-ды жоюдағы ынтымақтастығы туралы келісімнің ратификациясын мақұлдады

16 қараша 2016, 12:08
Фото: primeminister.kz

ҚР Парламентінің Мәжілісі палатаның пленарлық отырысында «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР заң жобасын мақұлдады.

Келісімге 2015 жылғы 16 қазанда Бурабай кентінде мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысын өткізу барысында қол қойылды. Келісімнің іске асырылуы тараптардың біреуінің күшімен, құралдарымен жойылуы мүмкін емес ТЖ туындаған жағдайда бірлескен үйлестірілген әрекеттердің ұйымдастырылуына ықпал етеді.

«Келісімді ратификациялау ТЖ бақылау және болжау саласында тәжірибе алмасуға, тарап-мемлекеттердің оқу орындарында азаматтық қорғау саласындағы мамандарды оқытуға, халықты қорғау тиімділігін арттыру мақсатында тұрақты негізде бірлескен тақырыптық конференциялар, семинарлар, сабақтар, жаттығулар жүргізуге, тараптардың аумағында ТЖ жою кезінде қысқа мерзімде көмек ұсынуға мүмкіндік береді», - деді ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов ҚР Парламенті Мәжілісіндегі жалпы отырыста.

Министрдің айтуы бойынша, заң жобасы теріс әсерге әкелмейді, ал оның қабылдануы табиғи апаттар тәуекелін төмендетуге әрі табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ теріс салдарын барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, келісімге сәйкес осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің бірінің аумағында ТЖ туындаған кезде немесе туындау қаупі болған кезде, бұл тарап өз мүмкіндіктеріне сәйкес еріктілік негізінде көмек көрсететін басқа тарапқа немесе тараптарға көмек көрсету туралы өтініш білдіре алады.