Қазақстанда киіктердің жалпы саны биылғы жылы 108 мыңнан асты – ҚР АШМ

09 тамыз 2016, 20:43

2016 жылдың 5 айында киікті заңсыз аулаудың 33 фактісі, сондай-ақ олардың мүйізін сату және сатып алудың дерегі тіркелді.

ҚР АШМ мәліметінше, 2014 жылы заңсыз киік аулаудың, сондай-ақ, олардың мүйізін сату және сатып алудың 79 фактісі, 2015 жылы - 107 фактісі тіркелді.  

Киіктерді сақтау жолында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті нақты іс-әрекеттермен қатар халықаралық ынтымақтастық жолында жұмыс жасауда. Мысалы, Ресей Федерациясымен және Өзбекстан Республикасымен, Түркіменстанмен киіктерді сақтау жөніндегі келісімге қол қойылған. Киіктерді сақтау жөніндегі халықаралық келісім көршілес республикалардың территорияларын қамтитын киіктердің таралым аймағына негізделіп жасалған.

Айта кетейік, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанның биоəртүрлілікті сақтау ассоциациясы және «Қазавиақұтқару» АҚ-мен бірлесіп, Бетпақдала, Орал және Үстірт популяциясының киіктеріне жасалған әуе санақтың нәтижесі бойынша, 2016 жылы киіктердің жалпы саны 108300  дарақты, атап айтқанда, Бетпақдала таралымдарының саны 36200 дарақты, Орал таралымы 70200 дарақты және Үстірт таралымы 1900 дарақты құрайтыны анықталды. 

Браконьерлікпен қарсы күресті күшейту үшін  «Охотзоопром» ӨБ» базасында заманауи көлікпен қамтамасыз етілген, тәжірибелі инспекторлардан құрылған 4 арнайы мобильдік топ жұмыс істейді.