Кәрім Мәсімов Құрық портындағы паром кешенінің құрылысын тексерді

09 тамыз 2016, 22:10
Маңғыстау облысы

Мемлекет  басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында Құрық портындағы паром кешенінің құрылыс барысымен танысты.

ҚР Премьер-Министріне «Қазақстан темір жолы» ҰК» президенті Асқар Мәмин паром кешенінің салыну барысы туралы баяндады. Кешенге Боржақты-Ерсай теміржол желісі мен паром өткелі кіреді.

Жоба Маңғыстау облысында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда және ол Каспий теңізінің порттары арқылы Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды болып табылады. Кешеннің жоспарланған қуаты жылына 4 млн тоннаға дейін жүкті: мұнай өнімдерін, химикаттарды, тыңайтқыштарды, астықты өңдеуді қарастырады.

Құрық портында паром кешенін салу 2015 жылдың сәуір айында басталған. 2015 жылдың маусым айында Боржақты-Ерсай теміржол желісі бойынша құрылыс жүктерін жеткізу үшін жұмыс қозғалысы ашылды.

2016 жылдың соңында алғаш іске қосылатын кешенді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал екінші іске қосылатын кешен нысандарының құрылысы 2017 жылға жоспарланған.

Паром өткелінің құрылысы мен оны Құрық портына жақын жағалау инфрақұрылымы нысандарына апаратын Боржақты – Ерсай темір жол желісімен қосу мультимодальдық жүк тасымалын қамтамасыз етеді, бұл өз кезегінде транзиттік жүк ағынын арттырып, республиканың экспорттық әлеуетін ұлғайтады.

«Өткен жылдан бастап Қазақстан ДСҰ мүшесі атанды, бұл бізге әлемдік кеңістіктегі 160 мемлекеттің нарығын ашады, әсіресе, Қытай, Иран, Ресей, ЕО-қа жол ашылады. Бізге осы нарықтарды қалай жаулап алу туралы ойлану керек. ҚР Үкіметі қазақстандық тауарларды сыртқы нарыққа шығаруды қолдау бойынша шаралар кешенін әзірлеуі тиіс. Бұл әрбір облыс, қала, аудан әкімінің басты міндетіне айналуы керек», - деді ҚР Президенті Н. Назарбаев 2016 жылдың бірінші жартыжылдығындағы индустрияландыру қорытындылары бойынша шілде айында өткен кеңесте.

Жекелеген өнім түрлерінің – уран өнімдері, сары фосфор, ұн, титан, мыс, мырыш экспорты бойынша еліміз әлемде көшбасшы орынға ие. Қазақстан әлемнің  200-ден астам елімен сауда-саттық қарым-қатынасын орнатқан. Сыртқы сауда Орталық Азия, ЕАЭО, Кавказ елдерімен аса қарқынды жүрді.

Инвестициялар және даму министрлігінің болжамы бойынша, 2020 жылға қарай қазақстандық экспорт көлемі 13,8 млрд доллардан 16,5 млрд долларға дейін артады.