Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

«Астана» халықаралық қаржы орталығы алдағы жылдың қаңтар айынан бастап іске қосылады

22 маусым 2017, 20:27
Астана
Фото: primeminister.kz

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 30-пленарлық отырысы барысында ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру барысы мен Ұлттық инвестициялық стратегия жобасының әзірленуі бойынша тапсырмалардың орындалуы туралы баяндады.

Кеңестің 29-отырысының хаттамалық тапсырмаларын орындау АХҚО жұмысын 2018 жылдың қаңтар айынан бастап толықтай іске қосуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда АХҚО қызметінің құқықтық негізін қалыптастыру жұмыстары аяқталуда. Биыл наурыз айында АХҚО ерекше құқықтық режимінің негізі бекітіліп, ҚР Конституциясына түзетулер енгізілді.

Қаржылық қызметтер мен ағылшын құқығы саласындағы халықаралық сарапшылармен бірлесіп Тәуелсіз сот пен Халықаралық төрелік орталықтың нормативтік құжаттарын әзірлеу жұмыстары аяқталуда.

Ж. Қасымбек АХҚО-ның қаржы қызметтерін реттеу бойынша жақында құрылған комитетінің құрылымы туралы айтты. Директорлар кеңесің құрамына АҚШ, Ұлыбритания, Австралияның реттеуші агенттіктері мен халықаралық қаржы институттарында және Дубай қаржы орталығында басшы болып қызмет атқарған жетекші әлемдік сарапшылар кірді.  

Бұдан өзге, АХҚО биржасын құру жұмысы аяқталып жатыр. Жаһандық биржа көшбасшыларының қатарынан стратегиялық серіктестер анықталды. Шанхай биржасы АХҚО жаңа биржасының акционері болады (25% үлеспен), бұл Қытайдың инвестициялық өтімділігін қолжетімді етеді. Америкалық NASDAQ биржасымен аса жоғары технологиялық сауда платформасын енгізу бойынша келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, NASDAQ биржа капиталына кіру мәселесін қарастырып жатыр.     

Биылғы жылдың IV тоқсанында АХҚО биржасы алғашқы сауда-саттықты жүргізуге әзір болады, бұл «Самұрық-Қазына» АҚ активтерін жекешелендіру мен IPO-ны бастауға мүмкіндік береді.

АХҚО ислам және «жасыл» қаржылардың өңірлік хабына айналады. Экологиялық бағыт бойынша жұмыс ЕҚҚДБ-мен бірлесіп жүргізілуде. 2018 жылы «сукук» егемен мемлекеттік ислам құнды қағаздарын 300 млн долларға дейін шығару мәселесі пысықталуда.

Кеңестің өткен отырысының қорытындысы бойынша инвестициялар тарту жүйесі қайта форматталды. Министрдің айтуынша, ЭЫДҰ сарапшыларымен бірге инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.  

«Біз соңғы 5 жылда заңнаманы ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес айтарлықтай өзгерттік: көші-қон режимін, шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін, құрылыс және жер телімдерін рәсімдеу салаларындағы рұқсат беру ережелерін жеңілдеттік, 61 елге визасыз режим қойылды», - деді Ж. Қасымбек.

Нәтижесінде, ЭЫДҰ Кеңесі Қазақстанды ЭЫДҰ Инвестициялар комитетінің қауымдастырылған мүшесі ретінде шақыру шешімін қабылдады.

Алдыңғы отырыстың хаттамалық тапсырмаларын орындау үшін Дүниежүзілік банкпен бірге Ұлттық инвестициялық стратегия жобасы әзірленді, 2017 жылдың тамыз айының соңына дейін оны қабылдау жоспарланған. 

Стратегия нақты салаларды, басымдықты елдерді, барлық мемлекеттік органдарды, ұлттық компаниялар мен әкімдіктерді үйлестіру және өзара іс-қимылының алгоритмі және тәртібі, инвестициялардың мақсатты көздері, инвестициялық ахуалды одан әрі жетілдіру шараларын анықтайды. 

«Kazakh Invest» ұлттық компаниясы «бір терезе» қағидасы бойынша инвесторларды толық сүйемелдеумен ҚР Үкіметінен бірыңғай келіссөз жүргізуші ретінде жұмысқа кірісті. Инвестициялық үдеріске қатысушылардың барлығының қызметін үйлестіру тетіктері анықталды. 

Қазақстанның басты серіктестері ретінде Қытай, Ресей, Еуроодақ, АҚШ, Түркия және Араб әлемі елдері сияқты басымдықты елдерден келген инвесторлар қарастырылуда. Сондай-ақ, осы елдердің әр қайсысында мақсатты ірі инвесторлар (ТҰК, қорлар және басқалары) анықталған.

Бүгінде «Kazakh Invest» Ресей, АҚШ, Түркия және Қытайда ұсынылған. Еуроодақ елдерінде және БАӘ-де шетелдік өкілдіктер ашылады.

Ж. Қасымбек шамамен 50 млрд доллар сомасына жүзеге асырылып жатқан және әзірленіп жатқан 147 жобадан бірыңғай тізім жасалғанын атап өтті. Олардың 39-ы бойынша құрылыс, 12-сі бойынша – барлау жұмыстары жүріп жатыр, 17-сі бойынша құжаттамасы жасалуда. Қалған жобалар пысықтаудың белсенді кезеңінен өтіп жатыр.  

«Kazakh Invest» базасында барлық келісулерді іске асыруды одан әрі бақылау мақсатында инвестжобалардың ақпараттық-мониторингтік жүйесі енгізілуде, ол жобалардың «түсіп қалуын» толығымен жояды. 2017 жылдың қазан айында аталған жүйені іске қосу жоспарланған. 

«Инвесторлардың бір де бір бастамасы назарсыз қалмайды. Жалпы барлық жоспарланған іс-шаралар бекітілген мерзімде орындалады және тапсырмаларды орындау бойынша министрліктің жүргізіп жатқан жұмысы нақты нәтижелерге жетуді көздейді», – деп түйіндеді Ж. Қасымбек.