Премьер-Министр мұнай сервисі саласындағы өзекті мәселелерді шешу жөнінде екі жұмыс тобын құруды тапсырды

09 тамыз 2016, 01:15
Атырау облысы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

Кәрім Мәсімов Атырау облысындағы қызмет көрсететін компаниялар өкілдерімен отандық мұнай сервисінің өзекті мәселелерін талқылады.

Аймаққа сапары барысында Премьер-Министр кеңес өткізді, онда энергетика министрі Қ.Бозымбаев, Ұлыбританияның сауда және инвестициялар бойынша департаментінің директоры К.Кир, ТШО бас директоры Т.Этчисон, Сервистік компаниялар одағының бас директоры Н.Жұмағұлов, ҰКП Машинажасау және металл өңдеу комитеті төрағасының орынбасары П.Беклемишев сөз сөйледі.

Кеңесте мұнай сервисі секторының проблемалары мен оларды шешу жолдары талқыланды. Мәселен, 2015-2016 жылдар аралығында мұнай сервисі жобаларынан 2,5 мыңнан астам адам босап қалған.

Бұл адамдарды жұмысқа орналастыру Үкімет үшін маңызды мәселе болып табылатыны атап өтілді. Теңіз кен орнын, Қашаған жобасын кеңейту және Қашағанда жұмысты жандандыру тәрізді ірі жобаларды жүзеге асыру мердігерлік жұмыстар көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты Премьер-Министр ДСӘД министрі Т.Дүйсеноваға мұнай сервисі саласының жұмыстан босап қалған жұмысшыларын жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс тобын құруды тапсырды.

Сонымен қатар, Кәрім Мәсімов энергетика министрі Қ.Бозымбаевқа қазақстандық мұнай сервисі компанияларын ірі мұнай-газ жобаларына тарту бойынша жұмыс топтарын құруды тапсырды. 

Анықтама үшін: 

Қазақстанның мұнай сервисі нарығында 1000-нан астам компания бар, оларда жалпы саны 160 мыңнан астам адам жұмыс жасайды. Мұнай сервисі үлесіне жер қойнауын пайдаланушыларының жалпы сатып алу көлемінің 40-50% тиесілі. Сондықтан қазақстандық қамтудың болашағы мен халықтың жұмыспен қамтылуы сервистік бизнестің дамуына байланысты. Отандық мұнай сервисі нарығында бұрғылау, жобалау, құрылыс, геофизикалық жұмыстарды жүргізу бойынша қызметтер қамтылған. Бұл салада жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны (32% немесе 30 мыңнан астам адам) Атырау облысында шоғырланған, одан кейінгі орынды Маңғыстау (29%), Ақтөбе (15%) және сәйкесінше 12%-дан Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстары алады.

2015 жылдың қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы мұнай сервисі қызметінің жалпы шығындары 1,3 трлн теңгеден асты. Қазақстан Үкіметі жер қойнауын пайдаланушыларының сатып алуларында қазақстандық қамту үлесінің артуы мәселесін ерекше назарда ұстайды.