Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Жаңартылған мұнай өңдеу зауыттары ЖЖМ-ге қатысты импортқа тәуелділікті шектейді

02 наурыз 2017, 14:09
Фото: primeminister.kz

2017 жылы Қазақстанның үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобалары аяқталады. Содан кейін өңдеу көлемі 14,5 млн-нан 17,5 млн тонна мұнайға дейін артатын болады. Бұл туралы ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясында энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты.

Министр 2017 жылдың екінші жартысында Павлодар және Атырау зауыттарын жаңғырту жұмыстары аяқталатынын, ал 2018 жылдың бірінші жартысында Шымкент зауытын жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарда бар екенін айтты.

«Жолдауда Мемлекет басшысы мұнай өңдеу көлемін ұлғайту қажеттігіне екпін түсірді. Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту таза мұнай өнімдерін, бензин, дизель отыны, авиаотын өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді министр.

Осылайша, 2019 жылы Министрлік еліміздің ішкі сұраныстарын отандық мұнай өнімдерімен толықтай қамтамасыз етіп, жанар-жағармай материалдарын импорттауды шектейді деп күтілуде.

Бүгінде Ресей Федерациясынан ішкі нарыққа тасымалдың 30%-дық тәуелділігі бар. Егер 70% тұтынушылық біздің үш мұнай өңдеу зауыттарының есебінен қамтамсыз етілсе, 30% отын сырттан әкелінеді. Сырттан тек Ресей Федерациясынан тасу мүмкіндігі бар, деп нақтылады министр. Сондай-ақ,  РФ-ның көтерме сауда бағасына Қазақстан ешқандай жолмен ықпал ете алмайды. Бұл жағдайдан шығудың жалғыз мүмкіндігі – жеделдетіп зауыттарды жаңғыртуды аяқтау.

«Әрине, біз жанармай құю бекеттеріндегі бағаларды белгілеп қоя аламыз. Бірақ бұл не нәрсеге әкеледі? Ресейлік көтерме бағамен сатушылар бізге таси алмайды, себебі өздері шығынға батады. Кейін жанармай құю бекеттерінде 30%-дық тапшылық орын алады. Бұндай жағдайды бастан кешкенбіз. Ия, бензин қымбат, бірақ ол жоқ емес, бар. Және бұл бензиннің арзан болып, бірақ жоқ болуынан жақсы. Тапшылық орын алса, жанармай сапасының нашар болуы орын алады», - деді министр.

Оның айтуынша, РФ нарығындағы баға белгілеу жағдайына тәуелділік отандық мұнай өңдеу зауыттарының жаңғыртылғанына дейін сақталады.

«Өткен жылы мен барлық үш зауытты араладым, тиісті компаниялардың алдына міндеттерін жүктедім, қаржы бар, мердігерлер тартылды, қажетті жабдықтар бар, оптимистік көзқарас бар. Өткен жылдан бері барлық үш бағыт бойынша жұмыс қарқынын жылдамдаттық», - деп сөзін түйіндеді Қ. Бозымбаев.

1/3
2/3
3/3