ЭКСПО көрмесінде Грузияның ұлттық күні аталып өтті

13 маусым 2017, 20:35

Халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесі аясындағы Грузия күнін атап өту шарасына Қазақстанға ресми сапармен келген Грузия Президенті Георгий Маргвелашвили қатысты.

Грузия «жасыл экономикаға» сәтті ауысқан мемлекет ретінде көп елге үлгі. Бұл елде 26 мың өзен бар, олардың 300-і энергия өндіру әлеуетіне ие.

Қазіргі таңда Грузияда 68 су электр станциясы жұмыс істейді. Елдегі электр энергиясының шамамен 80%-ын осы станциялар өндіреді. Дәл сол себепті грузин павильонының басты нысаны ретінде энергетикалық турбина таңдалды.

Павильонға кіреберісте бірегей грузин әліпбиі туралы баяндалған стенд орналасқан. 5D-көзілдіріктердің көмегімен қазіргі Грузияға виртуалды саяхат жасауға, өз есіміңнің грузин тілінде қалай жазылатынын білуге, өткен ғасыр мен бүгінгі күндегі грузин үйлерінің қалай орналасқаны мен шарап жасау туралы біліп, грузин шеберлерінің қолөнер туындыларын тамашалауға болады. Стендтердің бірінде Грузия картасы бейнеленген, онда мемлекеттің әр қаласының ерекшеліктері көрсетілген.

Әртістер экспозицияға келушілерді тамаша билерімен, бірегей көп дауысты ән айту өнерлерімен және де әлемге танымал лезгин биімен қуанышқа бөледі. Ұлттық күннің құрметті қонақтары Грузияның халық әртісі Ека Мамаладзе, КСРО халық әртісі, Грузияның халық әртісі Тамара Гвердцители және КСРО халық әртісі, Грузияның халық әртісі Нани Брегвадзе болды. Олар Амфитеатрдың ашық алаңында өнер көрсетті.

«Бүгінгі күн мен үшін өте маңызды болды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен саяси келіссөздер жүргізумен басталған күнім ЭКСПО-2017 көрмесін аралаумен жалғасты. Осындай маңызды көрмеде Грузияның үлкен әрі қызықты павильонда таныстырылып жатқаны қуантады», - деді Грузия Президенті павильонды аралағаннан кейін.