ҚР Үкіметінің жаңа бағдарламасы өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың кәсіпкерлікке қызығулышығын арттырады

29 қараша 2016, 11:19
Фото: primeminister.kz

Ауылдағы кәсіпкерлік қызметтің көкжиегі ендігі кезде жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін айтарлықтай артатын болады. Ауыл тұрғындары үшін несиелер сомасын өтеу мерзімін 7 жылға дейін және несиенің жылдық мөлшерлемесін 6% деңгейінде сақтай отырып, 16 млн теңгеге дейін арттыру қарастырылуда.

Несиелердің қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған тағы бір жаңа шара – 1,5 млн теңгеге дейінгі сомадағы несиені кепілсіз беру болып табылады.

Елдегі нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасындағы осы жаңалықтарға ҚР Үкіметінің кезекті отырысында өз баяндамасында ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова ерекше тоқталып өтті.

Оның айтуынша, қазіргі таңда түрлі бағдарламаларда қолданылып жүрген шағын несиелендірудің барлық түрлері мен құралдарын біріктіру, ауылдарда да, қалаларда да шағын несие беру мәселелері қарастырылуда.

Ауылдағы негізгі міндет өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтар үшін шағын несиелендірудің қолжетімділігімен қамту. Бұл жеке кәсіпті ашуға немесе кеңейтуге, кооперативтер құруға не болмаса кәсіпкерлікке қажетті инфрақұрылымды жетілдіруге мүмкіндік береді.  

Айта кетейік, ауылдағы және шағын қалалардағы шағын несиелендіруді шағын қаржыландыру ұйымдарын тарту арқылы, ауыл шаруашылығына қаржылық қолдау көрсету қорымен жүзеге асыру көзделген. Ал қалаларда ол тура ауылдағы шарттар бойынша, екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржыландыру ұйымдары арқылы жүргізілетін болады.