Қазақстанда акция кезінде 5,7 трлн теңге заңдастырылды

10 қаңтар 2017, 12:09

Үкіметтің кезекті отырысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстанда жүргізілген заңдастырудың аралық нәтижелері туралы есеп берді.

«Акцияға еліміздің 140 мыңнан астам азаматы қатысқан. Барлығы 5,7 трлн теңге заңдастырылды, оның ішінде  4,1 трлн теңгесі – ақшалай, 1,6 трлн теңгесі - мүлік түрінде. 151 мыңға жуық жылжымайтын мүлік, сонымен қатар заңды тұлғаларға қатысудағы 213 үлес заңдастырылды», - деді қаржы ведомствосының басшысы.

Спикердің айтуынша, акцияның соңғы айларында халықтың жоғары белсенділігі байқалды – 2016 жылдың төртінші тоқсанында қаражаттың 53% заңдастырылды.

«Бұған 2015 жылдың соңында қабылданған түзетулер ықпал етті, оған сәйкес үдерістер жеңілдетіліп, азаматтарға қосымша кепілдіктер берілді», -  деді Б. Сұлтанов.

Ел ішінде 5 трлн теңгеге, шетелдерде 0,7 трлн теңгеге активтер заңдастырылды, оның ішінде 614 млрд теңгесі – ақшалай, 70 млрд теңгесі – мүлік түрінде. Ақшаны заңдастыру үшін жалпы 11 821 есеп ашылды.

Өткізілген акция оң әсерін берді. Заңдастырылған 151 мың жылжымайтын мүлік нысанынан 9,5 мың нысан коммерциялық жылжымайтын мүлік ретінде есепке алынған. Бұл жылына 800 млн теңге көлемінде мүлік салығының түсуін арттырады. Екіншіден, заңды айналымға 4,1 трлн теңгенің тартылуы бағалау бойынша жылына 150 млрд теңге салық түсіреді. Басқаша айтқанда, 5,7 трлн теңгені заңдастыру негізгі экономикалық көрсеткіштерге қолдау жасады. 

Қаржы министрі атап өткендей, 1,9 млрд теңге банк есепшоттарында қалып отыр, бұл банк қорларының және экономиканы несиелендірудің қосымша көзі болып табылады. Азаматтар 2,2 млрд теңге көлеміндегі заңдастырылған ақшаларын банктегі есепшоттарынан шешіп алған.  Бұл қаражат инвестициялар, тұтыну немесе жинақтауға жұмсалған. Аталған жылжымайтын мүліктің 1,6 млрд теңгесі – несие алу үшін әлеуетті кепіл мүлік.

Жалпы, заңдастыру көлемі бойынша көш басында Алматы қаласы – 3 трлн 981 млрд теңге, Астана қ. – 533 млрд теңге және Алматы облысы – 390 млрд теңге.

Қаржы министрінің айтуынша, қолданыстағы заңнама азаматтарға шетелдік көздерден алған кірістерін Қазақстанда декларациялауға міндеттейді. Мысалы, 2015 жыл ішінде ел азаматтары шамамен 700 млн АҚШ доллары көлеміндегі шетелдік кірістерін декларациялаған.

«Бұдан өзге, 2015-2017 жылдарға арналған Үкімет Қаулысымен бекітілген көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл шаралары жоспарының жүзеге асырылуы жалғасуда», - деп сөзін түйіндеді Б. Сұлтанов.

Еске сала кетейік, мүлікті заңдастыру мәселелері туралы заң 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап күшіне енді. Кейінірек, жүргізіліп жатқан акцияның динамикасын жақсарту мақсатында, Мемлекет басшысы мүлікті заңдастыру шарттарын қайта қарастырып, заңдастыру субъектілеріне қосымша кепілдіктер ұсыну туралы тапсырма берген болатын. Қазақстан Республикасының оған сәйкес келетін Заңына 2015 жылдың 13 қарашасында қол қойылып, 2015 жылдың желтоқсан айынан бастап күшіне енген.