Кәрім Мәсімов «Орал–Тасқала-РФ шекарасы» автожолының қайта жөнделуін бағалады

11 тамыз 2016, 17:55
Батыс Қазақстан облысы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында «Орал – Тасқала – РФ шекарасы» автожолдарын қайта жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Премьер-Министрге тұтастай алғанда, облыстың автожолдары жағдайы және жекелей алғанда, «Орал – Тасқала – РФ шекарасы» автожолын қайта жөндеу жұмыстарының барысы туралы баяндалды.

Аймақты Ресей Федерациясының Саратов облысымен байланыстыратын  аталған автожолды қайта жөндеу жобасы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Оның жалпы ұзындығы 100 шақырымды құрайды, қайта жөндеу жұмыстары 2015 жылдың шілде айында басталған, оны 2018 жылдың мамыр айында аяқтау жоспарланған.

Осы жылдың соңына дейін «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 800 шақырымға жуық жаңа автожол төсемін пайдалануға беру жоспарланып отыр. 2016 жылдың қорытындысы бойынша Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Бейнеу – Ақтау, Астана – Теміртау учаскесі, Алматы – Қапшағай – Талдықорған және Астана – Петропавл жобаларын толығымен аяқтау қарастырылған. 2020 жылға дейін 7 000 шақырым автожол құрылысы аяқталады.

10 тамызда өткен Үкіметтің селекторлық отырысы кезінде ҚР Премьер-Министрі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының тиісті деңгейде орындалмағаны үшін жеке жауапкершілік туралы ескертті. 

«Әкімдердің назарын бөлінген қаржының толық және уақытылы игерілуі мәселесіне аударамын. Бұл әкімдердің және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жекелей жауапкершілігі», – деді мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуының аралық қорытындылары туралы тыңдалған ақпараттар бойынша тапсырмалар бере отырып Кәрім Мәсімов.

Анықтама үшін:

Инфрақұрылымды дамытудың 2015–2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен 2015 жылдың 6 сәуірінде бекітілген. Бағдарлама мақсаты – Қазақстанның ұзақ мерзімді экономикалық өсімін қамтамасыз ету үшін макроаймақтар интеграциясы негізінде хаб қағидаты бойынша бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру.

«Шұғыла» қағидаты бойынша тиімді көлік-логистикалық инфрақұрылымды құру «Нұрлы жол» бағдарламасының негізгі міндеттеріне жатады.

2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін көлік саласында 16 жобаны жүзеге асыру көзделген.