Кәрім Мәсімов Атырау облысында бұрғылау жабдықтары өндірісімен танысты

08 тамыз 2016, 23:27
Атырау облысы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

Атырау облысына жұмыс сапары аясында ел Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов «Жігермұнайсервис» ЖШС бұрғылау жабдықтарын шығаратын зауытқа барды.

Премьер-Министр механикалық жөндеу цехын, сондай-ақ қиғаш бұрғылау цехындағы жабдықтарды көрді. Кәсіпорын басшысы Асхат Дүйсалиев ҚР Премьер-Министріне кәсіпорын қызметі, атап айтқанда, бұрғылау қашауларының өндірісі және автоматты дәнекерлеу цехын ашу жобалары туралы әңгімелеп берді. 

«Жігермұнайсервис» ЖШС 2014 жылы мемлекеттік индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының аясында құрылып, пайдалануға берілді. Кәсіпорынның негізгі қызметі - мұнай және бұрғылау компанияларына сервистік қызмет көрсету.

Зауытта пайдаланылатын жабдықтар арнайы бұрғылау жабдығы – қашаудың кез келген конструкциясына икемдендіріле алады.

2014 жылдың екінші жартысында мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау үшін ірі көлемді бұрғылау кешендерін өндіру жолға қойылған.

2015 жылы алғашқы бұрғылау кешені шығарылды, ол қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысының аумағында жұмыс істеп тұр. Өнімдегі қазақстандық қамту үлесі 86% құрады.

Анықтама үшін:

Мемлекет басшысы Үкіметке отандық өндірушілерден тауарлар, жұмыстар мен қызметтер сатып алуда қазақстандық қамтуды арттыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
 
ҚР Президентінің тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасында 2010-2014 жылдарға арналған қазақстандық қамтуды дамыту бойынша бағдарлама қабылданды. Осы кезден бастап Қазақстан отандық өндірістегі бәсекеге қабілетті тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді тұрақты дамыту, сондай-ақ оларды ішкі нарыққа жаппай шығару бағытын басты етіп алды. Бірінші кезекте мұнай секторына баса көңіл бөлінді.