Инвестициялар тарту жүйесін өзгерту тікелей шетелдік инвестициялардың артуына ықпал етті – Ж. Қасымбек

03 ақпан 2017, 12:37

ҚР Үкіметінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен кеңейтілген отырыс өтіп жатыр. Жетекші салалардың министрлері еліміздің 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларын жасады. Индустриалдық-инновациялық даму мәселелері бойынша инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек есеп берді.  

Ж. Қасымбек 2016 жылдың 9 айының ішінде тікелей инвестициялар 4,5 есеге артып, 12,3 млрд АҚШ долларын құрағанын хабарлады. ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес инвестициялар тарту жүйесін өзгерту қолға алынған. Шетелдердегі әлеуетті инвесторлармен – бизнес көшбасшыларымен келіссөздерге соңғы 2 жыл ішінде 12 елдің дүние жүзіндегі аса ірі компанияларынан 300 өкіл қатысқан. Оның ішінде 80 трансұлттық корпорация бар.  

2017 жылы 1 млрд АҚШ долларына жуық инвестициялар көлемімен шамамен 40 жоба пайдалануға беріледі. Инвестициялар тартудың қолданыстағы жүйесіне өзгерістер енгізудің жалғасы ретінде биыл Дүниежүзілік банктің сарапшыларымен бірлесіп Инвестициялық стратегия әзірленіп, бекітіледі.  

Ж. Қасымбек 2016 жылы Индустрияландыру картасы аясында құны 878 млрд теңге болатын 130 жоба пайдалануға беріліп, 10 мың тұрақты жұмыс орындары ашылғанын баяндады. Карта жобалары өткен жылы 2,2 трлн теңгеге өнім өндірген. Оның ішінде 1,4 трлн теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі, бұл жалпы сектордан 18% астамын құрайды.

Биыл құны 700 млрд теңге болатын 100-ден астам жоба жүзеге асырылады, оның ішінде 25 жоба бірінші жартыжылдықта іске қосылады. Аталған жобалардың арқасында тағы 10 мың тұрақты жұмыс орын ашылады.

«Жалпы, өнеркәсіп жаңа жағдайларға, теңгенің жаңа бағамына бейімделді. Биылғы жылдың қорытындылары бойынша біз өңдеу секторының 2,5% дейінгі өсімін қамтамасыз етуді көздеп отырмыз», - деді министр.

Өндірістің тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін Қазақстан халқына арналған Жолдауда көрсетілгендей, төртінші өнеркәсіптік революцияның элементтерін жүйелі түрде енгізуге көшу керек. Осы мақсатта әлемдік жетекші компаниялармен серіктестікте биылғы жылдың ішінде жаңа экономиканың элементтерін кешенді енгізу үшін қолайлы өнеркәсіп секторлары анықталатын болады.  

Аталған секторларда Индустрия 4.0 технологияларын енгізу бойынша жобаларды ұйымдастырып, бұл тәжірибені басқа кәсіпорындар мен секторларға одан әрі тарату көзделуде. Ж. Қасымбектің пікірінше, Индустрия 4.0. элементтерін енгізу – бұл кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігінің аса маңызды факторы ғана емес, Қазақстанға теңізге шығу жолдарының болмауы, жаңа ішкі нарық, біліктілік кадрларының тапшылығы тәрізді мәселелерді біршама жоюға мүмкіндік береді. Жаңа индустрияларды құру бағыттарының бірі электромобильдер өндірісі мен сәйкес инфрақұрылымды дамыту болып табылады. Осы мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бейінді министрлік Жол картасы әзірлеп, оның жүзеге асырылуы басталады.