Б.Сағынтаев: ЕАТ мүше елдеріне терроризмді қаржыландырумен күресте ортақ тәсілдер әзірлеу қажет

09 маусым 2016, 19:03

Лаңкестіктің жаңа сын-тегеуіріндерінің пайда болуы жаһандық қоғамға өзара іс-қимылдың жаңа тиімді жолдарын іздеуді талап етеді, деп мәлімдеді бүгін ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың (ЕАТ) XXIV Жалпы отырысы барысында.

«Қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі ЕАТ мүшелері мен бақылаушыларының әр жаңа кездесуі біздің ұйымның тарихына жаңа парақ қосады. Бұл бізді ФАТФ жаһандық желісінің маңызды және ажырамасыз бөлігі етеді», - деп мәлімдеді отырыс жұмысын ашқан Б.Сағынтаев. 

Оның айтуынша, ЕАТ-ның басты міндеті – сенімділік пен қаржы ұйымдарының қауіпсіздігіне жауап беру, мемлекеттер арасында интеграция орнату, қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды бірге жүргізу болып табылады. 

«Біздің атқарған жұмысыз трансшекаралық қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді. Əлемде болған соңғы оқиғалар мен террористік қауіптер жаңа шараларды қолға алуға мәжбүрлейді», - деп атап өтті ҚР Үкіметі басшысының Бірінші орынбасары.  

Сонымен қатар, ол ұлттық заңнамалардың жаңартылған халықаралық стандарттарға сәйкестігін бағалаудың екінші раунды ЕАТ мүше елдерінің алдына жаңа міндеттер қоятынын баса айтты.

«ЕАТ-тың XXIV Жалпы отырысы ақшаның жылыстауымен және терроризмді әлемдік деңгейде қаржыландырумен күресте бірыңғай тәсіл әзірлеу үдерісінде салмақты үлес қосатынына сенімдімін», - деп түйіндеді Бірінші вице-премьер. 

Естеріңізге салсақ, бүгін Астанада Қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың XXIV Жалпы отырысы өз жұмысын бастады, оған ҚР ҚМ Қаржылық мониторинг жөніндегі комитет, ҚР ІІМ, МСМ, СІМ өкілдері және Үндістан, Иран, Қытай, Ресей және басқа да бірқатар елдерден келген қонақтар қатысуда. 

Қазақстанда ЕАТ жалпы отырысы еліміздің 2011 жылы ЕАТ туралы Келісімге қол қойған күннен бастап алғаш өткізілуде, соған сәйкес ЕАТ үкіметаралық ұйым мәртебесіне ие болды.

ЕАТ отырысы барысында 2016 жылғы 6 мен 7 маусым аралығында өткен техникалық жәрдемдесу, өзара бағалау мен құқықтық мәселелер бойынша, қауіптер мен қадағалау бойынша, типология бойынша, есірткі бизнесіне, қылмыскерлікке және терроризмге қарсы әрекет ету бойынша жұмыс топтары жұмысының қорытындысы шығарылады.