480 мың салық төлеуші онлайн кассаларды қолдануға көшті — З. Шындали

Бұл туралы PrimeMinister.kz-ке берген сұхбатында ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаменті директорының міндетін атқарушы Заңғар Шындали мәлімдеді.

З. Шындали атап өткендей, дәстүрлі аппараттарды ауыстыру және жаңартылған бақылау-кассалық машиналарды пайдалану 2015 жылдан бастап кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. 

«Жалпы, біз онлайн кассаларға 2015 жылдың ортасынан бастап көше бастадық. Біз барлық салық төлеушілерді қамтуды бірден мұнай өнімдерін, алкоголь өнімдерін сатушылардан бастадық. Біз бұл тізімді біртіндеп кеңейттік. Әрине, туындаған мәселелер, техникалық проблемалар болды. Алайда біз фискалдық деректер операторын әзірлеушілермен бірлесіп, аталған мәселелерді шештік. 2019 жыл біз үшін қорытындылау жылы болды, онда біз салық төлеушілерге ыңғайлы болу үшін үш кезеңге бөліндік: сәуір, шілде, қазан», — деді Департамент директорының м.а.

2019 жылдың соңына дейін онлайн БKM-ге бөлшек саудада жұмыс істейтін кәсіпкерлердің үлкен тобы, негізінен микро және шағын бизнес өкілдері мен шаруа қожалықтары көшуі керек еді. З. Шындалидың айтуынша, бұл міндет толығымен орындалған.

Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған құрылғылардың жалпы санының 97%-дан астамы — онлайн кассалар. 

«Жалпы, ҚР аумағында 640 мың бақылау-кассалық машиналары тіркелген. Олардың 97% немесе 620 мыңы — онлайн кассалық машиналар (ОКМ). Салық төлеушілер саны бойынша айтар болсақ, 480 мың салық төлеуші ақшалай есеп айырысу кезінде онлайн кассаларды қолдануға көшті», — деді З. Шындали.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап онлайн БKM қолдану міндеттемесі патент негізінде арнайы салық режимін қолданатын салық төлеушілерге және жер салығын төлеушілерге қатысты болады. Бұл дегеніміз, келесі жылдан бастап фермерлер салықты жер көлеміне емес, табысқа қарай төлейтін болады. Өз кезегінде патенттерді пайдаланатын жеке кәсіпкерлер фискалды чектерді жүргізеді.

Сонымен қатар, жалпыға бірдей интернет желілері жоқ жерлерде салық төлеушілер онлайн кассаларды қолдануға міндетті емес, бірақ олар қарапайым кассалық машиналарды қолдануға міндетті. Жалпы алғанда, жеке тұлғалар, екінші деңгейлі банктер, халықаралық тасымалдарды жүзеге асырушы тасымалдаушылар және ақшалай есеп айырысуды мүлдем қолданбайтын салық төлеушілер онлайн бақылау-кассалық машиналарды қолданудан босатылады. 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу