Қазақстан Республикасының Үкіметінде журналистердің (бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің) қатысуымен іс-шаралар өткізу регламенті

  1. Қазақстан Республикасының Үкіметінде (бұдан әрі – Үкімет) журналистердің (бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің) қатысуымен іс- шаралар өткізу регламенті (бұдан әрі – Регламент) Қазақстан Респбликасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 20 тамыздағы № 367-НҚ бұйрығымен бекітілген Журналистерді «бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін) аккредиттеудің үлгілік қағидаларының 12-тармағына сәйкес әзірленді.
  2. Регламент Үкіметте журналистердің (бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің) қатысуымен баспасөз конференцияларын, брифингтер өткізу, сұхбаттар алу, баспасөзге шығу, пікір білдіру және басқа да іс-шаралар өткізу кезінде іс-шараларға қатысушылардың бәріне іскерлік жұмыс ортасын қалыптастыруға бағытталған.
  3. Үкіметтегі іс-шараларға қатысушылардың бәрі өзара қарым-қатынаста бір- бірінің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге және кәсіптік әдептілік нормаларын сақтауға міндетті.
  4. Үкіметтің Баспасөз қызметі:
    1. журналистердің (БАҚ өкілдерінің) қатысуымен өтетін алдағы іс-шара туралы алдын ала хабарлауды;
    2. журналистердің (БАҚ өкілдерінің) кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін тиісті жағдай жасалуын қамтамасыз етеді.
  5. Журналистердің (БАҚ өкілдерінің) қатысуымен өтетін іс-шараларды реттеу міндеттері модераторға жүктеледі.

Үкіметтің Баспасөз қызметінің жетекшісі айқындайтын қызметкер модератор болады.

  1. Модератор журналистердің (БАҚ өкілдерінің) қатысуымен өтетін іс- шараны өткізу тәртібін, оның ішінде ұзақтығын, БАҚ өкілдері тарапынан спикерлерге қойылатын сұрақтардың саны мен сұрақ қоюға ниет білдіргендердің кезектілігін және өзге де шарттарды айқындайды.

Сонымен қатар модератор мен Үкіметтің Баспасөз қызметі Үкіметтегі іс- шаралар барысында өзара құрмет пен тәртіп нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді.

  1. Журналистердің (БАҚ өкілдерінің) қатысуымен өтетін іс-шараларды ұйымдастыру кезінде:
    1. қатысушылардың бәрі іс-шараның модератор белгілеген өткізу тәртібін сақтауы керек;
    2. журналистер (БАҚ өкілдері) іс-шараға Үкіметтің Баспасөз қызметі белгілеген уақытта, бірақ іс-шара басталғанға дейін кемінде 15 (он бес) минут бұрын келуге тиіс;
    3. бір журналист (БАҚ өкілі) тарапынан қойылатын сұрақ санын барлық сауал қоюшыға тең мүмкіндік жасау мақсатында модератор қатысушылар саны мен іс-шара ұзақтығын ескере отырып айқындайды;
    4. журналист (БАҚ өкілі) спикерге сұрақ қояр алдында өзін таныстырып, қай БАҚ атынан аккредиттелгенін айтады. Бұл ретте спикердің құзыреті шеңберіндегі сұрақтарды қояды;
    5. журналистер (БАҚ өкілдері) сұрақ қойған кезде спикерлердің толық жауап беру мүмкіндігін шектемеу үшін спикердің немесе басқа қатысушылардың сөзін бөлуге жол берілмейді;
    6. журналистер (БАҚ өкілдері) іс-шараға қатысушыларға құрмет көрсете отырып, қолайлы жұмыс ортасын қолдау үшін әлеуметтік қашықтықты сақтауы қажет. Пікірталасқа түсуге, жеке басқа тіл тигізуге, спикерлерге кезектен тыс өз орнынан сұрақ қоюға немесе бір-бірінің сөзін бөлуге жол берілмейді;
    7. бейне-, және аудиожазба Үкіметтің Баспасөз қызметі белгілеген арнайы орындарда ғана жүргізіледі (баспасөз орталығы, баспасөз-баннерлер және арнайы белгіленген басқа аймақтар). Бейне-, және аудиожазбаны өзге орындарда жүргізуге Үкіметтің Баспасөз қызметімен келісілген жағдайда ғана жол беріледі;
    8. іскерлік киім стилін ұстану ұсынылады.
  2. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың спикер ретінде мәлімделген өкілдері мен олардың баспасөз қызметтері (жауапты лауазымды тұлға):
    1. журналистердің (БАҚ өкілдерінің) қатысуымен өтетін іс-шараға спикерлердің алдын ала дайындалуын қамтамасыз етеді;
    2. журналистерге (БАҚ өкілдеріне) іс-шараның жарияланған тақырыбына қатысты қажетті ақпаратты: спикерлердің баяндамаларын, баспасөз релиздері, анықтамалық материалдар мен презентациялар және т. б. ұсынады;
    3. журналистердің (БАҚ өкілдерінің) сұрақтарына толық әрі нақты жауап береді.

Егер спикерге жауап беру үшін қосымша деректерді нақтылау қажет болған жағдайда, бұл жөнінде журналистерді (БАҚ өкілдерін) хабардар етеді. Өз кезегінде мемлекеттік органның баспасөз қызметі қажетті ақпаратты журналистке (БАҚ өкіліне) жедел түрде, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімнен кешіктірмей жолдайды.

  1. Үкіметте өткізілетін іс-шараларға қатысушылардың бәрі осы Регламент ережелерін және «Үкімет үйі» ғимаратының ішкі объектілік және өткізу режимі ережелерін сақтауды қамтамасыз етеді.
  2. Регламент талаптары сақталмаған жағдайда модератор мен Үкіметтің Баспасөз қызметінің өкілдері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылдауға бастама жасауға құқылы.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу