Кәрім Мәсімов Дмитрий Медведевпен кездесуінде Қазақстан үшін құнды жәдігерлерді қайтару мәселесін көтерді

12 тамыз 2016, 22:10
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

Кәрім Мәсімов Дмитрий Медведевпен Кенесары хан мен Кейкі батырдың басын қайтару мәселесін талқылады.

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов өзі уәде еткендей, РФ Үкімет төрағасы Дмитрий Медведевпен кездесуі барысында өткен жүз жылдықтағы ұлт-азаттық қозғалыстың көшбасшылары Кенесары хан мен Кейкі батырдың мүрделерін елге қайтару туралы мәселені көтерді.  

Дмитрий Медведев  бұл мәселені анықтап, шешу үшін қажетті тапсырмалар беретінін айтты.

«Мен ауызша және егер қажет болса, жазбаша тапсырма беріп, бұл мәселенің анық-қанығын анықтайтын боламын», - деп жауап берді Д.Медведев К.Мәсімовтің ұлт көсемдерінің мүрделерін көму үшін Қазақстанға қайтару туралы өтінішіне.

Бұдан бұрын Кәрім Мәсімов Дмитрий Медведевпен аталмыш жәдігерді қайтару туралы мәселені талқылайтыны туралы өзінің Твиттерінде жазған еді.

Қазақстан үшін аса құнды жәдігерді кеңес дәуірінен бері қайтаруға бірнеше мәрте ұмтылыс жасалды. Соңғы кездері бұл тақырып, әсіресе, әлеуметтік желілерде жиі көтеріле бастады. Мәселен, қазақстандық Нұрлан Әміреқұлов Facebook әлеуметтік желісінде осы тақырыптағы постын жариялады.

Ресейлік әріптесімен кездесу кезінде Кәрім Мәсімов Астанада өтетін XIII Аймақаралық ынтымақтастық форумына қатысты мәселелерді де талқылады. Атап айтқанда, Батыс Еуропа-Батыс Қытай тәрізді ірі көлік жобаларын жүзеге асыру барысы сөз болды. Жайық трансшекаралық өзеніне қатысты тақырыпқа баса назар аударылды. Премьер-Министр бұл мәселе бойынша үкіметаралық келісімге қол қоюды ұсынды.

 

Сонымен қатар логистика, шекара маңы ынтымақтастығы және нақты экономика саласындағы басқа да маңызды мәселелер бойынша өзекті тақырыптар талқыға салынды.

Дмитрий Медведев көршілес мемлекеттердің екіжақты қарым-қатынасы тұрақты әрі жоғары деңгейде екенін атап өтті.