Асқар Мамин мен Чжан Гаоли Қазақстан мен Қытайдың екіжақты ынтымақтастығы мәселелерін талқылады

29 қараша 2016, 09:38
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Бейжіңге жұмыс сапары барысында ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Чжан Гаолимен келіссөздер жүргізді.  

Тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымын, атап айтқанда сауда-экономикалық, энергетикалық, индустриялық, инновациялық салалардағы өзара іс-қимыл, шекара маңы және өңірлік серіктестікті дамыту, көлік-логистикалық, ауыл шаруашылығы, телекоммуникациялық салалардағы ынтымықтастық мәселелерін талқылады.   

Кездесу барысында Қазақстан және Қытай көшбасшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпиннің жақында өткен келіссөздер барысында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру мәселелері жете қаралды.  

Сұхбаттасушылар Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі жандандыру, кәсіпкерлік қызметті дамыту, шарттық-құқықтық базаны жетілдіру бойынша Өңіраралық ынтымақтастық форумдарын өткізудің маңыздылығын атап өтті. А. Мамин алғашқы Форумды 2017 жылы өткізуді ұсынды.

Индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық аясында индустрия, инновация, көлік және логистика саласындағы бірлескен 51 ауқымды жобаны іске асыру қарастырылған.  

«Нұрлы жол», «Жібек жолының экономикалық белдеуі» секілді ірі көлемді бағдарламаларды іске асырудың бірлескен жұмысы көлік және логистика саласында жаңа өнімдер мен қызмет түрлерін құруға, Қазақстанның аграрлық секторының экспорттық әлеуеті мен индустриалды жобаларын ортақ жүзеге асыруға септігін тигізеді», - деді А. Мамин.  

Өз кезегінде ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Ч. Гаоли «стратегиялық серіктестіктің барлық спектрі бойынша өзара іс-қимылды әрі қарай нығайту бойынша Қазақстан мен Қытай көшбасшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин бастамаларының сәтті іске асырылуы» туралы айтып өтті. 

«Біз практикалық кеңістікте ынтымақтастықты дамытуымыз керек, шағын және орта бизнестің тығыз байланыс орнатуына барлық жағдайды жасап, екі елдің пайдасы мен халықтарының игілігі үшін нақты нәтижелерге қол жеткізуіміз керек», - деді Ч. Гаоли.

Көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылдың тиімділігіне Ляньюньган портындағы Қазақстан-Қытай ортақ терминалының қызметі, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА көлік-логистикалық хабының, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының дамуы дәлел.

ҚХР-ға жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Мамин Cathay Industrial Biotech Ltd., Shaanxi Jingshengyu Fucha, Naga Corp. Ltd, CRRC Corporation Ltd, СМС, JAC Motors секілді ірі қытай компанияларының басшыларымен кездесулер өткізді. Кездесулерде ауыл шаруашылығы, теміржол машинасын құрастыру, автомобиль жасау салаларындағы ортақ жобаларды іске асыру мен ынтымақтастықтың келешегі, сонымен қатар «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-ның дамуына аталған компаниялардың қатысу мәселелері талқыланды.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасарының Бейжіңге іссапары қорытындысы бойынша бірқатар бағыттар бойынша ортақ ынтымақтастықты жандандыруға мүмкіндік беретін бірқатар құжаттарға қол қойылды.

1/1