Қытай – Еуропа – Қытай бағдары бойынша Қазақстан арқылы жүк айналымы 2,4 есеге артты – ҚТЖ

09 тамыз 2016, 18:19

Компания басшысы Асқар Мамин бастаған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ делегациясы жұмыс сапарымен Шанхай қаласында болып, онда ірі көліктік-логистикалық және индустриалдық компанияның басшыларымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында ынтымақтастықты нығайту мәселесі және «Жібек жолының Экономикалық белдеуі» жобасын, трансқұрлықтық тасымалдауды дамыту, «Қорғас – Шығыс қақпасы»  АЭА дамыту жоспары талқыланды.

Атап айтқанда, «China COSCO Shipping Corporation Limited» басқарма компаниясының төрағасы Сю Лижунмен кездесу өтті. Аталмыш ірі мультимодалды компания көліктік-логистикалық салада әлемдік көшбасшы болып табылады. Тараптар «Қорғас – Шығыс қақпасы»  АЭА аумағында құрғақ портты дамыту бойынша жобаларды жүзеге асыруға қатысу мәселелерін талқылады. ҚТЖ басшысы CITIC  Co., Ltd компания президенті Ван Цзюнмен кездесті. Олар жол секторында инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Жұмыс сапары барысында «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин DHL Global Forwarding China Co компаниясының бас директоры Стив Хуангомен кездесті.

Кездесу барысында Қытай-Еуропа-Қытай бағыттары бойынша тасымалдау көлімін ұлғайту мәселесі және Қазақстан аумағы арқылы өтетін дәліз бойынша оңтайлы логистиканы қалыптастыру, сонымен қатар, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА дамуына қатысу мәселелері талқыланды. 

«Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Қытай - Еуропа - Қытай бағдары бойынша Қазақстан аумағы арқылы 429 контейнерлі пойыз өтті, бұл 2015 жылғы сәйкес кезеңнен 2,4 есеге артық», – деп мәлімдеді ҚТЖ ұлттық компаниясында.