Кәрім Мәсімов Сочиде өтетін ЕАЭО елдері үкімет басшыларының отырысына дайындық бойынша кеңес өткізді

01 тамыз 2016, 19:43

Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов алдағы ЕАЭО елдері үкімет басшыларының отырысына дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы ол Twitter-дегі парақшасында жазды.

"12 тамызда Сочиде өтетін ЕАЭО елдері үкімет басшыларының отырысына дайындық мәселелері бойынша кеңес өткіздім", – деп жазды Twitter-де ҚР Премьер-Министрі.

Сочидегі кеңес туралы шешім 2016 жылғы мамырда сауда, кедендік ынтымақтастық, экономика және қаржы саясаты, энергетика және инфрақұрылым салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында қабылданған болатын.

Кеңейтілген құрамда өткен мамырдағы кеңесте сөйлеген сөзінде Үкіметаралық кеңес төрағасы – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мәсімов төрағалықтың басымдықтары ретінде Қазақстан 2016 жылдың ЕАЭО-тың үшінші елдермен және басты интеграциялық бірлестіктермен экономикалық қарым-қатынастарын тереңдету жылы етіп жариялауды ұсынғанын еске салды. Осыған байланысты тараптар Үндістан, Израиль, Мысыр, Иран және басқа да елдермен еркін сауда аймағын құрудың мақсаттылығын зерттеуде.

«Экономикалық дамыған және инвестициялық тартымды елдермен және бірлестіктермен ынтымақастыққа баса назар аудару қажет. Қазақстан тарапы интеграциялық үдерістерді біздің елдер үшін Шығыс пен Батыс арасындағы байланыстырушы буынға, әлемдік экономиканың бәсекелестік құраушысына айналу мүмкіндігі ретінде қарастырады», – деген болатын сол кезде К. Мәсімов.

ЕАЭО елдері үкімет басшыларының алдағы кеңесінде экономикалық интеграцияның маңызды мәселелері қаралып, оның ішінде ЕАЭО Кедендік кодексін қабылдаудың ақтық мерзімдері туралы мәселе шешілді.

«ЕАЭО КК, сондай-ақ одақтың одан әрі дамуында маңызды мәнге ие басқа да бірқатар құжаттарды келісу Сочиде 12 тамызда және Минскіде 28 қазанда өтетін Үкіметаралық кеңес отырыстарында аяқталады», – деп көрсетілген ЕЭК қорытындысында.