Қазақстан климат жөніндегі Париж келісіміне қол қойды

03 тамыз 2016, 21:51

Нью-Йорк қаласында БҰҰ-ның штаб-пәтерінде ҚР сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қазақстан атынан Климаттың өзгеруі туралы Париждік келісімге қол қойды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.  

Климаттың жаһандық өзгеру проблемасының шешімі тұрақты дамуды қамтамасыз ету, кедейлікті жою және әлемнің барлық елдерінің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатқа қол жеткізуі үшін негізгі шарттардың бірі болып табылады. Париж келісімі әлемдік қоғамдастықтың қоршаған ортаның құлдырауын тоқтату шешімінің маңызды символы болды.

Е.Ыдырысов айтып өткендей, Қазақстан ұлттық және өңірлік деңгейлерде экологиялық проблемаларды шешуге елеулі үлес қосып жатқан ел ретінде осы тарихи келісімді іске асыруға ерекше мән береді. Сонымен бірге, ол «Болашақ энергиясы» тақырыбымен «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу тұрғысынан Париж келісімнің маңыздылығын атап өтті. Көрме барысында қоршаған ортаны сақтау мәселелеріне бірінші кезекте назар аударылады.