Қазақстандық азық-түлік өнімдері мен құрылыс материалдары Ауғанстан нарығына шықты

18 сәуір 2017, 16:36

Қазақстандық кәсіпкерлердің сауда миссиясы Ауғанстанға барды. Іс-шараның қорытындысы бойынша 11 млн. АҚШ долларынан астам сомаға Қазақстанда өндірілетін азық-түлік өнімдері мен құрылыс материалдарын жеткізуге келісімдерге қол жеткізілді.

Кабул қаласында «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы мен Ауғанстандағы Қазақстан Елшілігінің ұйытқы болуымен қазақстандық тауарлар мен қызметтерді өндірушілердің 2-ші сауда миссиясы өтті. Мұндай алғашқы іс-шара 2013 жылы өткен болатын, оның нәтижесінде Ауғанстан нарығына жалпы сомасы 27 млн. АҚШ долларын құрайтын қазақстандық өнімдерді (май өнімдері, ұн, трансформатор) жеткізу уағдаластығына қол жеткізілген еді.

Бұл сауда миссиясы бинес-форум форматында өткізілді, оған азық-түлік және құрылыс материалдарын өндіретін 11 отандық өндіруші-кәсіпорын және 90-нан астам ауған компаниясы қатысты.

Қазақстан бизнесінің сауда миссиясына Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты ұсынуға дайын ауған тарабы аса жоғары қызығушылық танытты. Ауғанстанның Сауда-өнеркәсіптік палатасының өкілдері қазақстандық өнімдердің сапасына жоғары баға берді және жергілікті нарықта ұсынылған тауарларға деген сұраныстың болатындығын растады.

«Ауғанстан нарығын біздің экспортшылар үшін перспективалы бағдар деп есептейміз. Тоқсандық негізде мұнда экспортқа мүдделік танытқан отандық өндірушілерді бағыттауды жоспарлап отырмыз. Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігі мен Ауғанстанның Сауда-өнеркәсіптік палатасының қолдауымен Қазақстаннан өнімдер сатып алуға мүдделік танытқан ауған компанияларымен келісөздерді ұйымдастыруға дайынбыз», - деп атап өтті «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясының басқарушы директоры Асқар Арынов.

Өз кезегінде сауда миссиясына қатысушы қазақстандық өндірушілер өздері шығарған тауарлар мен қызметтердің экспорттық ілгерлеуі үшін мемлекеттік қолдаудың қажеттілігін және маңызды шаралардың бір екендігін атап айтты. «Elif Chemicals» ЖШС директоры Алмас Рысқалиевтің айтуынша, осы бизнес-форум шеңберінде біздің компаниямен ынтымақтастыққа жоғары қызығушылық танытып отырған ауғандық серіктестермен жемісті іскерлік келіссөздер жасалды. Бастапқы кезеңде айына 2 вагон гипсокартон және өңдеу өнімдерін жеткізу туралы келісімге қол жеткізілді.

Ауғанстанмен сауда қатынастарын дамыту бойынша іс-шаралар жалғасады - 20 маусымда Алматы қаласында «Supplier Workshop» форматында бизнес-семинар өткізу жоспарланып отыр. Іс-шара аясында қазақстандық өндірушілермен гуманитарлық ұйымдарға өнімдерін қамтамасыз ететін ауған компаниялармен бірқатар екіжақты кездесулер өтеді.

Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 2016 жылдың қорытындысы бойынша 489,4 млн. АҚШ долларын құрады, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 30,7%-ға артық. Қазақстаннан Ауғанстанға экспорт сондай-ақ 30,7%-ға өсіп, 486,9 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл соңғы 5 жылдағы ең жоғары көрсеткіш болып табылады.

Анықтама:          

«KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің құрылымына кіреді. Ол шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерлету жүйесінің ұлттық операторы, сондай-ақ шетел инвесторларын тарту және олармен жұмыс жасау жөніндегі мамандандырылған мемлекеттік компания. «KAZAKH INVEST» мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады және ол өзінің қызметтерін ақысыз негізде жүргізеді.