2017 жылдан бастап 83 елдің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алады

27 желтоқсан 2016, 17:24
Фото: ortcom.kz

Бүгінгі таңда визаны рәсімдеусіз Қазақстанға тек 19 елдің азаматтары келе алады.

«Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі мен Алматыда өтетін қысқы «Универсиада-2017» ойындары қарсаңында шетелдік қонақтар мен инвесторлардың келуін барынша ыңғайлы ету мақсатында ҚР Сыртқы істер министрлігі визасыз режимді жеңілдету және миграциялық бақылау мен қауіпсіздік тиімділігін арттыру бойынша жұмысын жалғастырады. Бір реттік іскерлік, жеке, сонымен қатар 48 экономикалық дамыған елдердің азаматтары үшін бір реттік және екі реттік туристік виза беру үдерісі жеңілдетілген», - деп ҚР сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов ОҚК алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Қазіргі таңда елімізге 19 мемлекеттің азаматтары виза ашпай-ақ келе алады.

«2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 45 ел азаматтары, олардың ішінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Еуропалық одақ мүшелері, сонымен бірге Біріккен Араб Әмірлігі, Малайзия, Сингапур елдері және Монако Княздігі Қазақстанға кіргеннен бастап, 30 күнге дейін елімізде визасыз жүре алады», - деді Е. Ыдырысов.   

Оның айтуынша, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін шетелдік азаматтарға арналған Қазақстан Республикасының визасын беру және шақыруларды рәсімдеудің жаңа ережелері өткен аптада дипломатиялық корпус пен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне ұсынылды.

«Виза режимін ырықтандыру мақсатында қабылданған шаралар біздің еліміздің ұлттық мүддесін ескере отырып жүргізілетіндігін атап өткім келеді. Жоғарыда аталған мемлекеттерден бөлек тағы 19 елдің азаматтары қол қойылған екіжақты келісімдердің негізінде виза талаптарынан босатылады. Мұндай келісімдерге басқа да мемлекеттермен қол қою үшін келіссөздерді жалғастыра беретін боламыз», - деді сыртқы саясат ведомствосының басшысы.

Министрдің айтуынша, Қазақстан үшін Еуропалық одақпен осы бағытта біздің ел азаматтары үшін виза режимін оңайлату жөнінде келіссөздерді жүргізу үлкен басымдыққа ие.

Жаңа ережелер шетел азаматтарын Қазақстанға шақыруды рәсімдеу үдерісін айтарлықтай жеңілдетуге арналған. Министр бұл іскерлік қоғамдастыққа сыртқы әлеммен ынтымақтастығын жақсартып, біздің ел азаматтарына шетелдік серіктестермен түрлі салаларда байланыстарын жеңілдетуге қосымша мүмкіндіктер ашады деген сенімде.